Құмар ойынға салынған қыз-келіншектер көбейіп барады – психолог

Туыстарынан 75 миллион теңге қарыз алып, құмар ойындарға жұмсап жіберген леңгірлік жігіт туралы ақпарат қоғамда кеңінен талқыланды.

Жақында сенатта депутат Дана Нұржігіт Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асқанынын айтып, ойын бизнесі туралы заңнаманы жетілдіру туралы мәселе көтерді. Депутат келтірген мәлімет бойынша, елімізде бір ойыншының орташа қарызы – 10 миллион теңге екен.

Осыған орай Zakon.kz тілшісі «Көмек» орталығының психологы Серікгүл Сәлимен арнайы сұхбаттасқан еді. Психолог құмар ойындарға тәуелділіктің қайдан тамыр алатыны, онымен қалай күресуге болатыны туралы әңгімелеп берді.

Тілші: Сіз «Көмек» орталығында құмар ойындарға, ішімдік пен нашақорлыққа салынғандарға психологиялық тұрғыдан көмек беріп келесіз. Солардың ішінде құмар ойынға салынғандарға тоқталсақ, статистика жағынан соңғы кездерде қандай да бір өзгеріс байқалды ма?

Серікгүл Сәли, психолог: Статистика қазір көбейіп жатыр. Дәл қазіргі уақытта біздің орталықта жүз адам болса, сол жүз адамның қырығы ойын тәуелділігінен ем алып жатыр. Күніне осы пробламаға қатысты бес шағым түседі. «Көмек» орталығының жұмыс істеп жатқанына төрт жыл болып қалды.

Алғашқы кезде бұл жерде ойын құмарлықпен жатқан он адамның біреуі ғана әйел болса, қазіргі уақытта он адамның екеуі немесе үшеуі қыз-келіншектер. Құмар ойынға салынған қыз-келіншектердің саны ай сайын көбейіп жатыр.

Тілші: Қоғамда кеңінен етек алып бара жатқан бұл проблеманы қалай шешуге болады?

Серікгүл Сәли, психолог: Ойынқұмарлық деген – психологиялық дерт. Бұл дертті психологиялық тұрғыдан ғана емдеуге болады. Көпшілік қауым ойынқұмарды психологқа бір немесе екі рет апарса болды, сонымен мәселе шешіледі деп ойлайды. Жоқ олай емес, оған психологтың емі жүйелі түрде және арнайы жазылған қадамдар арқылы ғана жүреді. Сенатта бұл мәселені заң тетіктері арқылы шешу туралы ұсыныс айтылды. Шын мәнінде, ойынқұмарлық проблемасын заң арқылы ғана реттей алмаймыз. Себебі бұл – дерт, оған көбінесе он сегіз жастан отыз жасқа дейінгі жастар «шалдығып» жатыр. Жастардың құмар ойынға салынуы – тәрбиеде кететін ақаулықтан, қателіктен. Жастарды, балаларды түсінбеу, олардың тәрбиесіне, қарым-қатынаста бұрынғы модельдерді қолдану сияқты қателіктердің кесірінен жаңа заманның жаңа дерті кең тарап жатыр.

Сурет: жеке архивтен

Тілші: Тәуелділіктің тамыры тәрбиеде жатыр дейсіз. Ата-ана тарапынан қандай қателік кетеді?

Серікгүл Сәли, психолог: Баланың ата-анасымен қарым-қатынаста проблемасы болса, өмірге деген көзқарасы ата-анасынан мүлде бөлек болса, бала ата-ананы түсінбейді, ата-ана баланы түсінбейді. Мұндай жағдайда ата-ана мен баланың арасында үлкен бос кеңістік пайда болады. Сол кезде бала бірден осындай келеңсіз жақтардың біріне кетеді. Мұны ата-анасы біледі, бірақ көп ата-ана бұған аса қатты мән бермейді. Біздің орталықта ем алып жатқандардың көбінің ата-анасы баласының құмар ойынға қай кезден салына бастағанын сезген. Бірақ еш шара қолданбаған. Өкінішке қарай, баласының мінезіндегі өзгерісті байқап, психологқа апаратын ата-аналар өте аз.

Тілші: Болашақ ойынқұмарлар санын көбейтпеу үшін жас ата-ана баласын қалай тәрбиелегені жөн?

Серікгүл Сәли, психолог: Қазір «баланың өзі өседі» деген көзқарастың заманы өткен. Баланың тәрбиесі деген – үлкен бағыт, зор жұмыс. Бұл бағытта ата-ана білуі тиіс нақтыланған, арнайы білімдер бар. Ата-ана сол жаңа білімдерге сүйене отырып, баласының тәрбиесіне ерекше назар аударуы керек. Бұрынғыдай айқайлап, ұрып, ұрсып, сөзіне құлақ аспай, бей-берекет тыйым салу арқылы тәрбиелеуге болмайды. Бала тәрбиелеуде арнайы біліміңіз болмай, қара күшке салып немесе «онда тұрған ештеңе жоқ, мен бәрін білемін» деп өзімбілемдікке салсаңыз, осының бәрі тәуелділікті, небір қайғы-қасіретке ұшырататын жағдайларды көбейте береді. Өйткені қазір мүлде басқа ұрпақ дүниеге келіп жатыр. Қазіргі ұрпақтың психикасы бізден, тоқсаныншы жылға дейін дүниеге келгендерден мүлде бөлек.

Қызықты Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: