Құрметті жерлестер! Алматылық жастар! Біз, Алматы қаласының ақсақалдар қауымы қазір қоғамда боп жатқан кейбір жағдайларға қатысты аса алаңдаулымыз. Расын айту керек, күтпеген жерден басталған «қайғылы қаңтар» оқиғасы баршамызды есеңгіретіп кетті. «Егемендік алып, еңсе тіктеу әсте-әсте, елдіктен айырылып қалу бір сәтте» екенін көрдік. Сырттан сыналап кіріп, қоғамды іштен іріткісі келген қаскүнемдер мен қылмыскерлер тәуелсіздігіміздің тұғырын шайқап, төңкеріп тастай жаздады. Президентіміздің дер кезінде қабылдаған шұғыл шешімдері арқасында батыл тәуекелге барып, ширақ қимылдағанының нәтижесінде ғана киелі азаттығымызды сақтап қала алдық. Қоғам ішінде жүріп, қарапайым тұрғындармен күнделікті кездесіп жүрміз. Сол азаматтар қазір көшеде топтасқан адамдар тобы көрінсе, үрейленіп, шошитындарын айтады. Бейбіт халық қатты қорқып қалған, – дейді ақсақалдар.
Олардың айтуынша, әсіресе, Алматы содырлардың сойқанынан көп зардап шекті. Қаншама ғимарат өртке оранып, сауда орындары тоналып, адам шығыны орын алды. Бүгінде қала әкімдігі сол оқиғалардың салдарын жоюға барын салып жатыр. Қираған, өртенген ғимараттар мен сауда орындарын қалпына келтіріп, шығынға батқан кәсіпкерлерді қолдап, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашуға әрекеттеніп жатыр.
Сонымен қатар ақсақалдар аумалы-төкпелі заманда тұрақтылық пен бірлік өте маңызды екенін айтып, үндеу жасап отыр.
Бізге қазір осы өткен оқиғаларды дұрыстап саралап, салқын ақылмен, салиқалы сабырмен кеткен қателіктермен жұмыс істеу қажет. Ол үшін қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы аса маңызды. Өкінішке қарай кейінгі кезде Алматымызда шерулеткен митингілер мен айқайға аттан қосқан жиындар қайтадан көбейіп кетті. Оның өзі байырқалы жиын, басалқы кеңес құру болса құба-құп. Қалың топтың ортасына кіріп алып, кейбір теріс пиғылды, арам ойлы арандатушылар ел арасына іріткі салатын ұрандар көтеріп, қоғам шаңырағын шайқап, бірлігімізді ірітуді көздегендей. Сөз жоқ, қазақ халқының тарихында «Күлтөбенің басында күнде жиын жасайтын» заман болды. Ел ағалары бас қосып, алқа құрып ақылкеңестерімен бөлісті. Бірақ, оның басты ерекшелігі – жөн сөзге тоқтайтын халық болды. Аталы сөзге құлақ асып, парықты пікірге бас иетін мінез бар еді. Бүгінгі бас қосулар керісінше даңғаза дабыр мен бейпіл сөздерге ұласып, қисық-қыңыр, қысыр қиқуларға толып кетті. Ойға алудың өзі ұят саналатын анайы сөздерді қағазға жазып, ұран қылып ұялмай көкке көтеруді сән көретін сиықсыз салт пайда болды. Бүгінгі уақыт аумалы-төкпелі заман болып тұр. Айналымыздағы мемлекеттердің тыныштығы бір сәтте бұзылып, бейбіт тұрғындары шұбырып, мемлекеті соғыс отына оранып жатқанын көріп жатырмыз. Бізге қазір ішкі тыныштық пен мызғымас тұрақтылық ауадай қажет. Алматылық ақсақалдар
Олар барша халықты, оның ішінде жастарды да сабырға шақырды. Дәл қазір бірігіп, ұйымшылдық танытуымыз керек екенін жеткізіп отыр. Себебі біраз нәрсе уақытша. Ақсақалдар ел ішіне ылаң салғысы келетін арандатушылардан аулақ болуымыз керек деп есептейді.
Жастарды, жалпы қоғамды сабырға шақырамыз! Етек-жеңімізді жиып, қазіргі өтпелі кезеңде жұдырықтай жұмылып, ұйымшылдық танытайық. Айналамызда, ел ішінде орын алып жатқан кейбір қиыншылықтардың барлығы уақытша. Ел Тәуелсіздігінің кепілі – татулық пен бірлікте. Еліміздің тыныштығы бұзылмасын дейміз. Біздің аталық тілегіміз, ақсақалдық ниетіміз осы. Ел ішіне кіріп, ылаң салуы көздейтін арандатушылардан сақ болайық. Қоғам болып жұмылып, біртұтас халық болып бірігіп, Президентіміздің айналасына топтаса алсақ уақытша сынақтардың барлығын еркін еңсереміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, заманымыз бейбіт болсын!Алматылық ақсақалдар