Кеңейтілген отырыста депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» заң жобаларын талқылады.
Сенаттың тиісті комитетінің қорытындысында заң жобасының мақсаты – қолданыстағы заңнама нормаларын қаржылық алаяқтықпен күресте заманауи сын-қатерлердің талаптарына сәйкес келтіру екені айтылады.
Атап айтқанда, қаржылық пирамидаларды жарнамалауды қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы бастапқы кезеңде қылмыстардың жолын кесу, сондай-ақ оларды құру мен басқару жауапкершілігін күшейту.
Заң жобасында екі кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Заң жобасының негізгі мақсаттары:
қаржылық (инвестициялық) пирамидалық схемаларды құру және басқару үшін жазаны күшейту;
қаржылық (инвестициялық) пирамидалық схемаларды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу;
қаржылық (инвестициялық) пирамидалық схемаларды жарнамалаудың юрисдикциясын анықтау.
Заң жобалары қаржы пирамидалары туралы жарнаманы тарату кезіндегі қылмыстың бастапқы сатысында жолын кесуді көздейді. Ол үшін Қылмыстық кодекстің 217-1-бабына жаңа құрам енгізіледі. Қаржы пирамидаларын құру және басқару үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілетін болады. Қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің аражігін нақты ажырату үшін ӘҚБтК-нің 150-бабының мақсаты нақтыланады.
Қаржы пирамидалары күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан қаржылық алаяқтықпен күресуде қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, қолданыстағы заңнаманы жетілдірудің маңызы зор. Сондықтан қабылданған заң жобаларында қаржы пирамидаларының жарнамасын қылмыс деп тану және оларды жасау үшін жауапкершілікті арттыру көзделген. Бұл заң азаматтарды заңсыз инвестициялық қызметке қатысудан қорғауды күшейтеді. Сондай-ақ жаңа заң жобасы инвестициялық пирамидалардан зардап шеккен азаматтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті азайтады деп сенеміз. Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заң жобасын Палатаның қарауына бірінші оқылымда жіберу туралы шешім қабылдады.