Президенттің сөзінше, Каспий теңізі мен Жайық өзенінен жыл басынан бері мұнда 12 мың тонна балық ауланды. Оны өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр.
Дегенмен, балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары.Қасым-Жомарт Тоқаев
Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілгенін айтқан Мемлекет басшысы бұл жұмысты жалғастыру қажет екенін айтты.
Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ, шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тарту аса маңызды.
Сондай-ақ Президент Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр.
Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Сондықтан Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы мекемелерге балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуіді тапсырды. Оның сөзінше, биылдың өзінде облыста осыған қатысты 2,5 мың әкімшілік және 52 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ауланған 14 тонна балық тәркіленді.
Өкінішке қарай, осындай заңсыздық тыйылмай тұр. Бұл – табиғатты қорғауға жауапты органдардың жұмысында олқылықтар бар деген сөз, - деді Президент.
Сонымен қатар ол балық шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің техникасын жаңарту қажет екенін тілге тиек етті. Осы жердің ауланған балығы Ресей, Әзербайжан, Израиль сияқты елдерге экспортталып жатыр. Көбіне мұздатылған, өңделмеген шикі балық жіберіледі.
Шын мәнінде, дайын өнім экспортын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Бұған облыстағы балық кәсіпорындарының шамасы жетеді. Олардың жұмысын халықаралық сапа стандартына сәйкес келтіру керек. Сондықтан, қазіргі жағдайды ескере отырып, өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын.Қасым-Жомарт Тоқаев
Оның айтуынша, Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылық бар. 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр.
Мұндай шаруашылықты дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Сондай-ақ, осы жұмыстарды атқаратын балық шаруашылығының мамандары қажет. Жастарды осы іске баулып, оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды. Сонда ғана жастар бұл салаға қызығады.Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент бұдан бөлек, "мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі қажет" екенін айтып, осы аймақта балық шаруашылығын дамыту жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі болуға тиіс екенін атап өтіп, Үкіметке бұл мәселе бойынша облысқа барынша қолдау көрсетуді тапсырды.