Президент Атырау облысындағы лотос алқабын таныту үшін шара қабылдауды тапсырды

Мемлекет басшысы Атырау облысы халқымен кездесуінде өзіміздің қызғалдақ сияқты лотос алқабын да танымал ету үшін нақты шаралар қабылдау керек екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін,өкінішке қарай, көбі біле бермейді. Бұл жер – лотостың ең қиыр солтүстіктегі мекені. Өзіміздің қызғалдақ сияқты лотос алқабын да танымал ету үшін нақты шаралар қабылдаған жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент "осындай таңғажайып дүниелер туралы фильмдер түсіру қажет, оларды шетелде белсенді түрде дәріптеуіміз керек екенін" айтты.

Сондай-ақ ол Индердегі тұзды көлде емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік мол екенін тілге тиек етті. Ол үшін тиісті мемлекеттік органдар көлдің мәртебесін айқындауға тиіс.

Мемлекет басшысы өңірде қолға алынған "Орта ғасырлық Сарайшық" жобасын да соңына дейін жеткізуді тапсырды.

Сарайшықты ел ішінде және шет мемлекеттерде дәріптеуімізге болады. Сондай-ақ, арнайы визит-орталықты уақытылы іске қосу маңызды. Көне қаланың орнын туристік нысан ретінде дамытуға және оның танымал-дығын арттыруға арналған тұжырымдама әзірлеу қажет. Бұл – бүкіл Қазақстанның туризм саласы үшін маңызды, - деді Президент.

Президент Атырау мұнай мен газға ғана үміт артпай, туризм секілді болашағы зор салаларды дамытуы қажет екенін алға тартты.

Ең бастысы, бастамаларды батыл қолға алу керек. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін Үкімет пен әкімдік жолдарды жөндеп, туристік нысандардың инженерлік коммуникациясын ретке келтіруге тиіс, - деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.
Атырау Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: