Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған себеп – көмірдің тапшылығы әрі сапасыздығы.
"Көмір қыздыра алмайды. Қыздырған күннің өзінде енді бізге керекті градусты бере алмайды да, сол себепті өнімдер үсіп жатыр", - дейді жылыжай басқарушысының көмекшісі Серік Мұстафаев.
Бас агроном Мерей Терлікаевтың сөзінше, жылыжайдан 1200-1300 тоннадай өнім алуы керек болған. Алайда 250 тонна ғана өнім терген, қалғаны үсіп кеткен.
Тек бұл емес, Түркістан облысы аумағындағы жылыжай иелерінің көпшілігі шығынға батқан. Сарыағаш пен Қазығұрт ауданындағы кейбір жылыжай қалың қар мен аязға шыдамай құлап қалған.
"Сарыағаш ауданының тұрғындары мен шаруаларын әлеуметтік көмірмен қамтамасыз етуді тез арада шешу керек. Бүгінгі таңда Сарыағаштың көмір базаларында халыққа қажетті көмір жоқ деп айтуға болады. Ал жылыжайлар өнімінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлу мәселесі ушығып тұр". ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев