Үкімет неге экономика өсімін Ұлттық банктен жоғары болжайды

Аудит, расчет, аудитор, графики, график, экономика, предпринимательство, бизнес, инвестиционные контракты, инвестиции, инвестирование, рост экономики, экономический рост, график роста, графики роста, финансы, финансовый рост, рейтинг, рейтинги, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 22:47 Фото: pixabay
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылғы 13 қазанда Үкіметтегі брифингте Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты Үкімет пен Ұлттық банк болжамдарының неге әртүрлі екенін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

БАҚ өкілдері Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық өсім жөніндегі болжамдарына назар аударды. Үкімет экономиканың өсімін 5,3%, ал Ұлттық банк 3,5% деңгейінде болжайды. Сондай-ақ журналистер Жоғары аудиторлық палата Ұлттық қордан қаржыландыру құқығын растамаған, жалпы құны 1 трлн теңге болатын 66 жоба туралы сұрады.

"Сондықтан да бұл болжам деп аталады. Ол үнемі өзгеріп отырады, өйткені сыртқы да, ішкі де жағдай тұрақты емес. Бүгін Үкімет отырысындағы баяндамамды бастаған кезде алдын ала болжау мүмкін болмаған үш ішкі факторды атап өттім. Біріншісі – жыл басындағы Теңіз кен орнындағы апат, екіншісі – КҚК-ға қатысты мәселелер. Біз шамамен 6 млн тонна мұнайдан айырылдық. Дәлірек айтқанда, айырылған жоқпыз, оны өндірмедік. Мұнай жер астында жатыр, бірақ экономикалық үдерістерге қатыспайды. Сонымен қатар сыртқы жағдай, атап айтқанда, Парсы шығанағындағы ахуал мұнай бағасының өсуіне әкелді. Бұған қоса, басқа да тетіктер іске қосылды", – деді Жұманғарин.

Ол теңгенің нығаюы импортқа салынатын қосылған құн салығынан түсетін түсімдердің және экспорттаушылар кірісінің төмендеуіне әкелгенін де айтты.

"Қазір тұтынушылық несие нарығының бәсеңдегені байқалады. Бұл әдейі жасалып отыр, өйткені халықтың қарыз жүктемесі шамадан тыс артқан еді. Соның салдарынан сұраныс төмендеді. Мұндай факторлардың барлығын үнемі түзетіп отыру қажет. Ол үшін түрлі тетік бар. Мысалы, мұнай бағасына қатысты әлемдік банктердің консенсус-болжамы бар. Кейбір банктер мұнай бағасы барреліне 85 долларға дейін жетеді десе, басқалары келесі жылы 54 доллар болады деп болжайды. АҚШ Энергетика министрлігі 64 доллар деп отыр. Тиісінше, келесі жылға арналған консенсус-болжам – 70 доллар. Ал бастапқыда есепке алынған баға сәл өзгеше болды. Валюта бағамын қарастырып отырған сценарийімізге қарай белгілейміз. Болжам дегеніміз – осы", – деп түсіндірді ол.

Министрліктің және Үкіметтің міндеті – болжамды мүмкіндігінше дәл жасау екенін атап өтті.

"Жалпы алғанда, 5% шамасындағы ауытқу, меніңше, айтарлықтай үлкен емес. Банктер, соның ішінде Ұлттық банк, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары үнемі консервативті болжам жасайды. Бұған көптеген фактор әсер етеді. Болжам жасаушы үшін консервативті тәсіл тиімдірек, өйткені жыл ішінде оны қайта қарауға болады. Бұл көрсеткішті асыра бағалап, қателескеннен гөрі дұрыс. Мұндай тәсіл кәсібилікті көрсетеді. Ал біз жасаған болжамдар үшін өзіміз жауап береміз. Былтыр экономикалық өсімді 5,4% деңгейінде болжайтынбыз. Биылғы қиындықтарға қарамастан, әзірге осы бағытта келе жатырмыз, яғни өсім шамамен 5,4% болады деп күтіп отырмыз", – деді Жұманғарин.

Жоғары аудиторлық палатаның 66 жобаға қатысты ескертулері туралы сұраққа жауап берген ол әр жобаны жеке қарастырып, нақты қандай жоба туралы сөз болып отырғанын және ескертулердің мәнін анықтау қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның есептерін зерттеп, кейін олар бойынша аудиторлармен және есеп авторларымен тікелей жұмыс жүргізеді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: