Қазақстандықтар жеке кәсіпкерлігін неге жауып жатыр: Жұманғарин жауап берді

Серик Жумангарин, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:30 Фото: primeminister.kz
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылғы 13 қазанда Үкімет отырысында Қазақстанда жеке кәсіпкерлердің неліктен есептен шығып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, салық реформасы бюджет кірістерін арттыруға елеулі ықпал етті. Экономикалық қиындықтарға қарамастан, салық түсімдері айтарлықтай өскен. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін және мемлекеттік қаржының тұрақтылығы нығайғанын көрсетеді.

"Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 19,3 трлн теңге салық түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 трлн теңгеге немесе 18,2%-ға артық. Түсімдердің өсуіне қосылған құн салығы негізгі үлес қосты. ҚҚС түсімдері 37,3%-ға артты. Соның ішінде ел ішінде өндірілген тауарлардан түскен ҚҚС 54,1%-ға, импорттан түскен ҚҚС 23,9%-ға өсті. Елдегі кәсіпкерлік қызметтің даму қарқыны оң болып, сыртқы және ішкі экономикалық өзгерістерге төзімділігін сақтап отыр", – деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, елде бизнес құрылымы өзгеріп жатыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға артып, 3,2 млн-ға жеткен.


"Жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін және ҚҚС төлейтін кәсіпкерлердің саны 28%-ға өсті. Азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуына жағдай жасалды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режимінде 981 мың адам тіркелді. Оның ішінде 807 мың адам алғаш рет салық есебіне тұрды.

2026 жылдың тоғыз айында 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Олардың 34,7 мыңы – заңды тұлға, 242,3 мыңы – жеке кәсіпкер. Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды.

Дегенмен жеке кәсіпкер ретінде есептен шығу кәсіпкерлік қызметтің толық тоқтағанын білдірмейді. Есептен шығарылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған. Ал 20,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режиміне ауысып, жұмысын жалғастырған", – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің пікірінше, бұл өзгерістер бизнес құрылымын сауықтырып, кәсіпкерлердің өз қызметіне қолайлы салық режимін таңдауына мүмкіндік беріп отыр.

Бұған дейін Серік Жұманғарин Қазақстан экономикасының дамуын тежейтін негізгі факторларды атап, экономикалық өсімнің ненің есебінен сақталып отырғанын түсіндірген еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: