Respublica партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаров: Біздің күшіміз – жасымызда

Respublica партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаров елді дамыту үшін Парламентке жастар келуі керек деп есептейді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Хабар" телеарнасында өткен теледебат кезінде Respublica партиясының өкіліне Петропавл қаласының тұрғынынан: "Сіз партияңызды жастар партиясы деп көрсетесіз. Алайда маңызды шешімдер қабылдау үшін өмірлік тәжірбие қажет. Партия қатарына ақсақалдарды қосу керек, не болмаса сәл "есею" қажет деп есептемейсіз бе?" деген сұрақ қойылды.

Айдарбек Қожаназаров партия жас болғанымен, құрамындағы адамдардың тәжірбиесі мол екенін атап өтті.

"Біздің партияның орта жасы – 37 жас. Партиямыздағы ақсақалдардың бірі өзіммін. Сырымбек Тау менен бір жас үлкен. Біздің күшіміз – жасымызда. Неге? Өйткені біз бірінші кезекте елдің дамуына мүдделіміз. Тәжірбиеге келсек, әрқайсымыздың мол тәжірбиеміз бар. Мәселен, менің қол астымда 7 мың адам, Динара Шөкежанованың қол астында 3 мың адам жұмыс істейді. Біз көп жылдан бері ірі ұжымдарды басқарып келеміз. Басқару, адамдарды бақытты қылудан жиналған тәжірбиеге келсек, біз оған қол жеткізіп қойдық. Біз мұны сөзбен, қағазбен, сандармен, есеппен ғана емес, нақты істермен дәлелдедік", – деді ол.

"Біз нақты істің адамымыз" деген партия өкілі халықтың үніне құлақ түру үшін Парламенттегі адамдар олармен "бір тілде сөйлесе" білуі керек деп санайтынын айтты.

"Жалпы алғанда біздің еліміз – жас ел. Халықтың басым бөлігін тыңдау үшін Парламенттегі адамдар "бір тілде сөйлеп", түсінуі керек. 1990 жылы туғандар мен 2005 жылы туғандар арасында 5 миллиондай адам бар екен. Алпыс жастан үлкен адамдарды алып қарар болсақ, олар бар-жоғы 500-600 мыңдай. Күш-қуатың тасып тұрғаны өте маңызды, өйткені экономикамыз күрделі жағдайда тұр. Сондықтан жаңа ойлар, тың идеялар, жаңа адамдар керек. Біздің ойымызша, жаңа нәтиже көргіңіз келсе, сіз ол істі жаңаша істеуіңіз керек. Біз нәтижеге жеткен, жетуді үйренген адамбыз", – деп түйіндеді ойын Айдарбек Қожаназаров 
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: