Солтүстік Қазақстан облысында екі көпір апатты жағдайда тұр

Солтүстік Қазақстан облысында екі ірі су қоймасындағы көпірлер апатты жағдайда тұр. Әбден тозған өткел бөгетке қауіп төндіре бастаған, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Астана" телеарнасының хабарлауынша, өңірде екі ірі су қоймасы бар: Петропавл мен Сергеев. Қос нысан өткен ғасырдың 70 жылдары Есіл өзенінің бойында салынған. Көпір жарты ғасыр жөндеу көрмеген. Соның салдарынан өткелдің беті және астындағы тіреуіштері әбден тозып тұр.

Гидротораптарға "Қазсушар" мемлекеттік мекемесі жауапты. Құзырлы орган 12 жылдан бері бөгетті жөндеу керек деп келеді. Ал арнайы тексеріс жұмыстары тек былтыр ғана жүргізіліп, қос көпір апатты деп танылған. Алайда жаңғырту жұмыстарына қаражат әлі бөлінбеген. Мекеме өкілі "нысан қосымша күрделі тексерісті қажет етеді" дейді.

"Көпірдің апаттығы көп нәрсеге байланысты. Көп нәрсені жөндеу керек. Оған бізге бюджеттен ақша бөлінген жоқ. Сметалық құжаттар әлі дайындалған жоқ. Себебі, қайтадан тексеріс өткізу керек".  "Қазсушар" СҚОФ директоры Шұғайып Ибатуллин

Ал облыстық мәслихатқа жуырда ғана депутат боп сайланған Ербақыт Амантай жөндеу жұмыстары мәселені тек уақытша шешетінін айтады. Ол жолды жүк көліктері бұзып жатыр деп есептейді. Сондықтан "қаражатты желге ұшырмау үшін арнайы таразы орнату керек" дейді. 

"Сол жолмен күніне жүздеген, тіпті мыңдаған жүк көліктері өтуі мүмкін. Ал өтіп жатқан жүк көліктерінің салмағын ешкім бақылап жатқан жоқ. Рейдтер кезінде ғана емес, күнделікті көпірдің қасына келген көлік өтетін кезде оның қандай салмақпен келгені өлшеніп тұруы керек. Егер олай істемейтін болсақ, миллиардтап бөліп жатқан ақшамыз топыраққа сіңген су сияқты жоқ болып кетіп жатыр".  Облыстық мәслихат депутаты Ербақыт Амантай

Апатты жағдайда тұрған көпірлерді жөндеу жұмыстарының қашан қолға алынатыны белгісіз. Әзірше құзырлы орган аталған жолмен жүк көліктерінің қатынауына уақытша тыйым салмақ.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: