Қазір елімізде 271 мемлекеттік музей жұмыс істейді. Былтыр олар 166 801 экскурсия ұйымдастырған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 41 мыңға көп. Ал көрме саны – 8393. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 1484 көрмеге артық.
Былтырғы қорытынды бойынша музейге келушілер саны 6 млн адамнан асты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1 миллионға жуық көп. Бұл ретте келушілердің 35%-ы немесе 2,175 млн - балалар. Негізгі музей қорларындағы экспонаттарының саны - 2,6 млн асады. Оның ішінде 350 мыңы — аса құнды жәдігерлер. Миллионнан астам экспонат электронды форматта.
Сонымен қатар Қазақстан Музей қорының мемлекеттік каталогы жұмыс істейді. Оған қазір 114 мемлекеттік музейден 130 мыңнан астам экспонат қосылды. Ұлттық мәдени мұра нысандарының қатарына 61 музей қорынан 5000-ға жуық жәдігер кіреді.
Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның барлық музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
"Елдегі музейлердің жұмысы белсенді дамып, келушілер саны күн сайын артып отыр. Еліміздегі музейлерде ерекше, бірегей залдар ашылып жатыр. Визит-орталықтар ашылып, онда тарихи-мәдени ескерткіштер мен олардың аумақтарынан табылған жәдігерлер туралы ақпарат ұсынылған. Әрине, бұл істің бастамасы ғана біз бұл жұмысты одан әрі қарай жалғастыруға ниеттіміз. Атап айтқанда, ғылыми экспедициялар өткізіп, халықаралық деңгейге шығуды мақсат етіп отырмыз. Халықаралық жобалардың бірі ретінде 2026 жылы Луврда қазақ өнерінің көрмесін ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз", - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Еске салайық, 18 мамырда бүкіл әлемде Халықаралық музейлер күні атап өтіледі. Атаулы күнге орай дүниежүзінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Соның ішінде мысалы, Қазақстанның музейлері белсенді қатысатын «Музейлер түні» акциясы. Акция 1977 жылдан бері ICOM Халықаралық музейлер кеңесінің бастамасымен жүзеге асырылып келеді.