Атап айтқанда, өз-өзіне қол жұмсау бойынша – 155, өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттену бойынша – 309 жайт орын алған. Ал биылғы төрт айдың ішінде ғана 47 жасөспірім суицид жасап, 137-сі өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Бұл үрдіс қоғамда үлкен алаңдаушылық тудыруда.
Аталған әрбір қайғылы оқиғаның себептері алуан түрлі, дегенмен, бір нәрсе айдан анық – қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге психологиялық қолдау қажет. Балалар мен жастарға арналған "150" ұлттық сенім телефонын құрған Дағдарыс орталықтары одағы 25 жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Сенім телефоны қызметінің үйлестірушісі Әлия Джангужинаның айтуынша, желі тәулік бойы, демалыс және үзіліссіз жұмыс істейді.
150 телефонынан бөлек, бізде ватсап ресурсы және сайт бар – www.telefon150.kz. Мұнда балалар анонимді түрде хабарламаларын жаза алады, көбінесе олар мамандармен тілдескісі келмейді.
Кез келген мәселелер талқыланады, түрлі сұрақтарға жауап беріледі. Басты мақсат – күйзеліс кезінде шұғыл көмек көрсету. Біздің барлық операторлар – жоғары білімді кеңесші-психологтар. Кейде жасөспірімге ұзақ психологиялық қолдау, терапия немесе құқықтық көмек, заңгерлік кеңес қажет.
Қоңырау шалушыларға белгілі бір жағдайға ықпал етуі мүмкін муниципалды немесе қалалық органдарға арыз жазуға көмектесеміз, байланыс нөмірлерін береміз. Тіпті, ресми хаттарды өзіміз жазып береміз. Бұл хаттарды жіберіп қана қоймай, жағдайды қадағалап, оң нәтижеге жеткіземіз, – дейді Джангужина.
Егер 18 жасқа толмаған жасөспірімге көмек көрсету қажет болса, онда мамандардың барлық әрекеттері олардың заңды өкілдерінің – ата-аналарының немесе қамқоршыларының келісімімен ғана жүргізіледі. Алайда, жасөспірімдер отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша жүгініп, және бұл әрекет олардың заңды өкілдері тарапынан да жасалуы мүмкін.
Мұндай жағдайда бала өзінің аты-жөнін, мекенжайын атап көрсетуі керек. Сол кезде сенім телефонының операторлары балалар құқықтары жөніндегі омбудсмендерді немесе ювеналды полицияны қосады. Алайда, Джангужинаның айтуынша, көбінесе балалар мұндай шешімдерден бас тартады, өздері туралы ақпарат бермейді, ата-аналарын ашуландырып алудан қорқады. Сөйтіп олар психологиялық көмек алады.
Жалпы, сенім желісіне көмек сұрап жүгінетіндердің саны артқан. Статистикаға сәйкес, 15 жыл ішінде №150 қызметі ел халқының барлық санаттарынан 2,5 млн.-нан астам қоңырау қабылдады. 2022 жылы сенім телефонының операторларына 86 024 азамат қоңырау шалды. Сондай-ақ былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 6 650 өтініш түскен.
Сонымен қатар, мамандарға өміріне және денсаулығына нақты қауіп төнген адамдар да жүгінген. Мәселен, бір жасөспірім хабарласып, денесіндегі соққылардан алған жарақат іздері бар фотосурет жіберген. Оператор баланы жеке басының мәліметтерін хабарлауға көндіріп, ювеналды полиция және басқа да құқық қорғау органдарын қосқан. Нәтижесінде бұл іспен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия айналысты.
Сондай-ақ Джангужина көпірден секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған жас жігіттің сенім телефонына қоңырау шалғанын мысалға келтірді. Оператор онымен жақсы байланыс орнатып, нәтижесінде өмірін сақтап қалған.
Когнитивті психотерапевт, Алматыдағы Вознесенский соборының психологы Виктория Левинаның пікірінше, көптеген отбасылық жанжалдар ата-аналардың тәрбие мәселесін жіті түсінбеуінен бастау алады.
Кез келген мәселе бойынша, кез келген жастағы балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасына байланысты жас ерекшелігіне қарай психология курстарынан өтуге кеңес беремін. Бұл курстарда бала дамуының қажеттіліктері, дағдарыстары туралы айтылады. Көптеген аналардың баланы түртпектеп, тыныш жатуға немесе тыныш отыруға мәжбүрлеуге дейін баратынын көреміз. Өзін мазаламауы үшін оған глицин (бұл амин қышқылы және мидың негізгі тежегіш нейротрансмиттерлерінің бірі) немесе смартфон береді. Сөйтіп алып, мұндай аналар маған келіп: "Менің баламның ұйқысы бұзылған, түнімен көз ілмейді", дейді.
Ал жас ерекшелігіне қарай психология курстарында аналар даму физиологиясының негіздері туралы біле алады, баланың миы, денесі дамуы үшін оған қозғалыс, белсенді ойын, ересектермен де, балалармен де өзара әрекеттесу қажет екенін түсінеді. Бала жүгіріп, секіріп, ойнап, айқайлауы керек. Бұл қалпыты жағдай. Ал қазіргі ата-аналар баланың бір бұрышта үнсіз отырғанын, естілмегенін немесе көрінбегенін қалайды. Міне, ата-ананың бала табиғатын түсінбеуінің тамыры осыда, – деп түсіндірді Левина.
Ол баланың 18-21 жасқа толғанына дейін оның мінез-құлқы мен өмірі үшін барлық жауапкершілік ата-ананың мойнында екенін еске салды.
"Бала өмірді білмейді, оның тәжірибесі жоқ, кейде ата-анасына сенім жоқ. Суицидтің алуан түрлі жағдайлары да осыдан шығады. Себебі, кейбір мәселелерді шешудің айқын мысалдары жоқ. Ата-аналар көбіне баланың ішкі әлемін құнсыздандырып, оның жеке кеңістігі болу керектігін түсінбей жатады. Ал балалар өздеріне құрметпен қарауды, жеке дамуын ынталандыруды қажет етеді. Өздерін белгілі бір жетістікке жеткен басқа құрдастарымен салыстырғанды қаламайды", – дейді психолог.