Баланы дұрыс тәрбиелеймін десең, балағат сөзден тыйыл – психолог

Елімізде балалар арасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты жантүршігерлік жағдайлар жиілеп кетті. "Қоғамның мұншалықты азғындауының, балаға ересек адамның, баланың балаға азғындық жасауының түп тамыры қайда жатыр?" деген сұрақпен Zakon.kz тілшісі психолог Серікгүл Сәлиеваны сөзге тартқан еді.

– Серікгүл ханым, қоғамдағы ең бір өзекті мәселе жөнінде бізге сұхбат беруге келіскеніңізге көп рахмет! Әлеуметтік желілер арқылы, БАҚ арқылы таралып жатқан соңғы жаңалықтар ата-ананы сары уайымға салып отыр. Көп ата-ананың көкейінде "Баламды сондай азғындықтың құрбаны болудан қалай қорғай аламын?" деген сұрақ тұрғаны анық. Маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Көп ата-ана мына бір нәрсені білмейді. Содан осындай қорқынышқа бой алдырады. Педофилді қандай бала еліктіреді? Сезімі жоқ, қорқақ бала. Сезімі жоқ баланың ферромондық иісі басқа болады. Әке-шешесі бойына сезім ұялата білмеген баладан педофилді еліктіретін иіс шығып тұрады. Сондықтан кез келген бала оларды қызықтырмайды. Педофилдерден сақтандыру үшін баланың бойында сезімі бар қылып өсіру керек, баламен эмоциялы байланыста болу керек.

"Сезімге бай, анасымен эмоциялы байланысы бар бала педофилді тартпайды. Ата-анадағы негізсіз қорқыныш осы білімсіздіктен шығып отыр".

Педофилия көбіне 6-7 жасар балаларға жасалады. Өйткені сол жастағы балалардың иістері педофилді тартады. Педофилді баланың бойындағы қорқақтық, үркектік деген қалып қойған сезімдер еліктіреді. Ол бала еш нәрсесін әке-шешеге айтпайды, әке-шешеге деген сенім жоқ. Өйткені әке- шешесі оған қорғаныс қауіпсіздігі сезімін берген жоқ. Балада "қандай жағдай болмасын мені анам қорғап алады, қандай жағдай болмасын, әкем маған қамқор болады" деген сезім жоқ. Ол үшін ең қауіпті адам керісінше, анасы мен әкесі болады. Өйткені олар отбасында бір-бірімен жанжалдасып, бір-біріне пышақ ала жүгіреді, төбелеседі. Ал бала өз әлемінде жалғыз қалып қойған. Бала қандай жағдай болмасын өсіп шығуы керек. Ол нәрсе болмаған сияқты қылып психика оны итеріп тастайды, сондықтан зорлықтың құрбаны болған баламен жұмыс жасаған мамандар болған жағдайды ұмыттыруға көбірек көңіл бөледі.

– Ал ересек балалардың жасы кіші балаларға азғындық жасауын қалай түсіндірер едіңіз?

– Мұндай азғындыққа сезімге кедей, әке-шешесінің арасындағы жыныстық қатынасты көрген балалар барады.

Сезім тәрбиеленбей жатып, бала ата-анасы арасындағы жыныстық қатынасты көріп қойған болса, оның бойында табу қалыптаспайды. Жыныстық қарым-қатынас адам бойындағы табуға байланысты болады.

Қандай табу? Ұл мен ұл, қыз бен қыз, туыс пен туыс үйленуге болмайды деген табулар. Табу қалыптасқанда ғана балада осы түсініктер пайда болады. Табу қалыптаспады деген сөз – трагедия. Табу қалыптасу үшін балаға балағат сөз айтпау керек. Бұрын үлкендер балағат сөз айтудан тыйылған. Қазір балағат сөз бей-берекет айтылады. Ата-ананың балағат сөзді бей-берекет айтуы – ұлы мен қызының жыныстық тәрбиесіне зиян келтіруінің түбірі болып есептеледі. Балағат сөз адам ішіндегі мәдени қаймақты бұзады. Адамның ішінде мәдени қаймақ болмаса, ол адамнан адам шықты деп айта алмаймыз. Оның психо-сексуалды дамуында тежелу жоқ деген сөз. Балағат сөз бізді ит пен мысыққа айналдырады. Оларда ешқандай ұят деген жоқ. Балағат сөзді айта беріп, оны қалыпты жағдайға айналдырып жіберсек, ондай жастар ұятсыз болып өседі. Қазір шешінгіш қыздар, шешінгіш ұлдар көбейді. Неге? Өйткені олар балағат сөз бей-берекет айтылатын жерден шықты. 

– Баланың бойынан оның теріс жолға түсіп бара жатқанын ерте жасынан байқауға бола ма?

– Болады. Ол баланың типіне байланысты. Белгілі бір типке жататын балалар бар. Сол типтегі балалардың теріс жолға түсіп кетуінің бірнеше сипатын алдын ала аңғаруға болады. Мысалы, 4-5 жасында бала тамақты лас жейтін, дәретханада лас отыратын  болса, бұл – баланың психикасы лас болып қалыптасып келе жатқанының белгісі. Бойында аяушылық сезімі болмайды.  Бұл осы жасқа дейін табу қалыптаспағанын көрсетеді. Ондай бала мысықтың, иттің аяғын жұлқылайды, құстардың аяғын байлап тастайды.

Бұл – "мен зорлықшылмын", "маған сендер зорлық-зомбылық жасаушының психасын қалыптастырып жатырсыңдар" деген сөз. Ол психиканы бала өзі қалыптастырмайды, оны ата-анасы қалыптастырады.

Тағы бір белгісі бала жуынғысы келмейді, қашады. Жалпы жуынғысы келмейтін бала болмайды, өйткені ол тоғыз ай ананың құрсағында суда жатты. Бала неліктен жуынғысы келмейді? Өйткені анасы жуындырған кезде ыстық судан сескендіріп алуы, не болмаса ұрып-соғып травма салған болуы мүмкін. Бұл – да бұрыс психиканың қалыптасып жатқанының белгісі.

"4-5 жасында бала тамақты лас жейтін, дәретханада лас отыратын болса, бұл – баланың психикасы лас болып қалыптасып келе жатқанының білгісі".

– Сіз айтып отырған бала қисық өсіп келе жатқан талды елестеткендей болып отыр. Ондай баланы қайта түзеуге, дұрыс жолға салуға бола ма?

– Егер ата-анасы дер кезінде түсініп, қолына алса, баласын тоғыз жасына дейін дұрыс жолға салуға 80-90 пайыз мүмкіндігі бар. Одан кейін кеш болуы мүмкін. Өйткені бала тәрбиесінің іргетасы алты жасқа дейін қаланады. Осы іргетастың үстіне алғашқы "төселетін" кірпіштер 9-14 жас аралығында аяқталады.

"Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана өзін тәрбиелеуі керек" деген сөзді бәрі біледі десек те, қолданатындар аз".

– Ал мектеп жасында зорлық-зомбылық көрген балалардың психикасы жөнінде не дер едіңіз? Ондай баланың психологиясында зор өзгеріс болады, травма алады, ол қандай адам болып өсуі мүмкін?

– Психотипіне байланысты азғындықтың құрбаны болған кейбір баланың өзі де зорлықшыл болып өсуі мүмкін. Ол психотипіне байланысты. Ондай типке жатпайтын бала болса, ол өмір бақи сол травмасымен қалады. Баланың психологиялық дамуы дегенді толық айтатын болсақ, баланың психо-сексуалды дамуы. Бірақ біз ол сөзден қорқып алып тастаймыз. Жалпы адамның психикасы сексуалды келеді. Сексуалдық жағынан өзіне қаншалықты еркіндік берсе, дұрыс қалыптасса, соған қарай адам қоғамда пайдалы немесе пайдасыз адам болып қалыптасады. Ал ол психиканы кім қалыптастырады? Ата-анасы, ортасы. Олардың солай болып қалыптасуын бала таңдады ма? Жоқ.

"Педофил өсіп шықпауы үшін ата-ана сауатты болып, бала тәрбисінде қателікке жол бермеуі керек".

Зорлық-зомбылықтың құрбаны – қорқақ, әке-шешесімен эмоциялық байланысы жоқ, отбасынан ығысып қалған балалар. Өйткені оны әке-шешесі тыңдамаған, көңіл бөлмеген. Төрт-бес жасқа дейін баланың бәрі ашық болады, тұйық болмайды. Кейін мектептегі, үйдегі қарым-қатынас әсер етіп, бала тұйықтала бастайды. Бұған себеп не? Үйткені біз баланы бірінші сыныпқа барған кезде ғана оқыта бастаймыз. Ата-аналардың көбі баласы бірінші сыныпқа барғанда бар жұмысын ысырып қойып, оны оқытуға кіріседі. Жарысып оқытады. Үшінші, төртінші сыныпқа келгенде, бала назардан тыс қала бастайды. Психотипіне байланысты барлық бала сабақты жақсы оқитын болмайды. Сабақты 5% бала айқайлап, көрсетіп оқиды. Тағы бес пайыз бала оқиды, бірақ онысын айқайлап айтпайды. Өзі біліп, ішіне сақтап жүреді. Қалғандары сабақ оқитын, ғылым-білімның адамдары емес, олардың өз функциялары, орны бар. Ондай балаларға білім маңызды емес, "пәленбайдың баласынан қалып қалмасын" деп оны қинап оқытамыз. Оны төмпештеп отырып, жан-дүниесіне "мен осы дұрыс адам емеспін" деген дәнек егеміз. Содан кейін бала үндемей, жабыла бастайды.

– Сөз басында сезім туралы айттыңыз. Сезімі тәрбиеленбеген баладан зорлықшық адам шығады дедіңіз. Сезімді тәрбиелеу дегеніміз не? 

– Баланың деңгейінде алып қарағанда, жыныстық тәрбие дегеніміз – баланың бойындағы сезімді тәрбиелеу. Міндетті түрде баланы сезімі бар қылып өсіру керек, сонда бала жыныстық жағынан өте сауатты, қорғалған, қателіктерге жол бермейтін адам болып өседі, яғни теріс қылықтар жасаудан вакцина болады. Адам екі ғана нәрсемен өмір сүреді: сана және сезім. Жаңа туған баланың бойында туабітті сезім болмайды, сезімді тәрбиелеу керек.

"Жыныстық тәрбие деген – бала тарапынан алып қарағанда, балаға жыныс мүшесі, жыныстық қарым-қатынас туралы айту емес, сезімін тәрбиелеу".

Ең бірінші бала жек көру, ұнатпау, жақтыртпау, қорқу, ашу-ыза сияқты төменгі кері сезімдерді сезеді. Бесік жырын, ертегі, тақпақ оқу арқылы бұл сезімдер аяушылық сезіміне ауысады. Балаларға арналған қуыршақ театрындағы көріністердің бәрі баланың сезімін тәрбиелеуге бағытталған. Сондықтан балаларды көбірек театрға, арнайы қойылымдарға апару, ертегілерге қатыстыру баланың бойында сезімді тәрбиелеу және образды ойлау қабілетін ұштауға қажет. Сезімі бар бала бей-берекет шешіну, жыныстық жағынан жақындасу дегенге бармайды. Организмі өзі-ақ содан қорғайды. Бала ержеткенде оны кітап тәрбиелей бастайды. Біздің кезімізде Меңтай мен Ерболдың махаббаты аңыз махаббат болған. Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты, Қозы мен Баянның махаббаты бар. Махаббат сондай пәк болады. Сезімі тәрбиеленген бозбала мен бойжеткен "теңімді кездестіремін" деп өзін қорғаштайды. Үлкен сезімі бар адамдарда ғана жақсы көретін адамы қолынан ұстағанда, жақындаған кезде ерекше гормондар бөлінеді, ерекше күйге бөленеді. 

– Жалпы жыныстық тәрбие беруді қай кезден бастаған жөн?

– Жыныстық тәрбие беру бала туа салысымен басталады. Ол сезімді тәрбиелеу болғандықтан, оны бала туа салысымен бастау керек. Ол балаға бесік жырын айтудан басталады. Оған қоса кейін айтылатын ертегі, әңгімелер баланы жанашыр етіп өсіреді. Айналасына сондай жылы сезіммен қарайды. Баланың бойына жанашырлық, аяушылық, махаббат сияқты сезімдерді әңгіме, ертегі, ән арқылы егеміз. Бала дүниеге келгенде оны қалай қарсы алғанымызды, баланы қалай қабылдағанымызды әңгіме қылып айту арқылы баланың сезімін тәрбиелейміз. Екіншіден, өте маңызды фактор – бала жасқа толмаған болсын, бала әлі кішкентай болсын, ата-анасы бала жатқан бөлмеде қатынасқа түспеуі керек. Ол балаға қажет емес, теріс энергия, сондықтан осыған абай болған жөн. Үшіншіден, бір жастан бастап баламен сілекей алмасатындай аузынан, ернінен сүймеу керек. Сілекейде адам денесіндегі барлық ферромондардың бөлшектері бар. Сондықтан туған анасы, әкесі болсын, ересек адамның сілекейі баланың аузына кірмеуін қадағалауы қажет. Міне, жыныстық тәрбие дегеніміз осындай қарапайым нәрселерден басталады.

Жалпы жыныстық қарым-қатынас, жыныс мүшесі туралы ақпаратты балаға ата-анасы бермеуі керек. Көп адам осы тұста қателеседі. Себебі, бұл ақпаратты ата-анасынан есту балаға жиіркенішті, керісінше, өте ауыр травма болып қалады. Мұндай ақпаратты бала білім алатын ортасынан, яғни мектептен білуі керек. Дегенмен бұл ақпаратты беретін мұғалім де өте сауатты болуға тиіс. Қай жағынан? Мұндай ақпаратты берер кезде ешқандай эмоцияға берілмеуі керек. Жыныстық жағынан аталатын кез келген сөз үлкен энегрияға толы, оған эмоциямызды қоссақ, ол балаға қате жетеді. Сондықтан осындай ақпаратты жеткізер кезде, ешқандай эмоциясыз, ешбір сезімсіз білім ретінде норма етіп жеткізу керек.

Бірақ ешбір баланың басына "менің әке-шешем сондай нәрсемен айналысады" деген ой, образ сыймайды. Ол образды баланың басына кіргізу – ата-ана мен баланың ортасындағы қарым-қатынасқа үлкен сызат түсіреді.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: