Астанада полиция есірткі қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстады
Сурет: polisia.kz
Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен тыйым салынған заттардың үлкен қоры табылды. Асүйдегі шкафтардың ішінен электронды таразылар мен есірткіні қаптауға арналған құралдар анықталған.
Сонымен қатар балмұздақ шәрбатының бос бөтелкесінен өзіне тән иісі бар сары түсті сұйық зат табылды. Сараптама оның каннабис шайыры екенін көрсетті. Бұдан бөлек, сары түсті сұйық зат құйылған екі ыдыс тәркіленді, олардың ішінде гашиш майы болған.
Сондай-ақ түрлі түсті изолентамен оралған түйіншектері бар пластик ыдыс табылды. Оның ішіндегі өсімдік тектес заттың ерекше иісі болған. Жалпы саны шамамен 500 түйіншек гашиш тәркіленді.
Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы бір келіден асты. Барлық тыйым салынған заттар алынды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.