Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Дәурен Бабмұратовтың айтуынша, қаладағы ауыз су тапшылығы мәселесі осы айдың соңына дейін шешіледі.
"Дегенмен, дәл қазіргі уақытта кейбір тұрғын-үйлерде судың аздығы шамадан тыс қатты байқалуда екенін түсініп отырмыз. Бұндай үйлердің мәселесін "Астана Су Арнасы" және аудандық әкімдіктер бірлесіп шешуде. Кейбір жерлерде үйдің насостары қайта бекітіліп, соның арқасында судың ағысы күшейтіліп жатыр. Бірақ ол барлық жағдайда бірдей көмектесе бермейді. Дегенмен "Астана Су арнасы" барлық тұрғын үйлерге теңдей қарап, су тапшылығын шешуге тырысуда. Бірақ өкінішке қарай, су қоймаларында деңгей қатты төмендеп кеткен кезде, олар сол су қоймаларын толтырып алғанша қаладағы ағысты азайтуға мәжбүр. Әдетте бұл түннен-таңға дейін жалғасады. Бұндай кезде сабырдан басқа ештеңе көмектесе алмайтыны тағы анық", - дейді ол.
Сол себепті Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы қалыптасқан жағдайға азаматтарды түсінушілікпен қарап, заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырады.
"Көше жабылса, су келеді екен деп түсіну қате. Есесіне, заңға қайшы әрекет, басқа азаматтардың еркіне нұқсан келтіріп, жол-көлік апатына әкелуі ықтимал. Сол себепті, қалыптасқан жағдайда өзге тұрғындар секілді заң аясында бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Әрбір арыз-шағым толық қаралады, мамандар сізге міндетті түрде көмектеседі". Дәурен Бабамұратов
Ол толыққанды су тапшылығы 2021 жылы құрылысы басталған су тазалау станциясы іске қосылған кезде, яғни осы маусым айының 30-нан кейін шешілетінін айтады.
"Келесі аптада Астана су қоймасынан тағы бір құбыр су станциясына жіберіледі. Бұл да су тапшылығының шешілуіне көмектеседі", - деді Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы басшысы Дәурен Бабамұратов.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы сумен қамтамасыз ету жағдайы туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбектің баяндамасын тыңдады. Әкімге қысқа мерзімде тек сумен қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен қатар қаланың маңызды басқа да жүйелерінде дағдарыс жағдайын түбегейлі болдырмау үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдау тапсырылды.