Талдықорған әкімдігі министр Қарабаевтың ескірген автобустарға қатысты дәйегін жоққа шығарды

Талдықорған қаласы әкімдігі жанындағы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың қаладағы қоғамдық көліктердің сапасына қатысты айтқан сөзіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

20 маусым қарсаңында ИИДМ басшысы жеңілдетілген автонесиелеуден түскен қаражат қоғамдық көлікті несиелеуге бағытталуы мүмкін екенін айтты.

"Біз бірқатар өңірлерде болдық, ИИДМ өкілдері автопарктерді несиелеу мәселесін көтеріп жатыр. Мысалы, Қостанайда қоғамдық көліктер - 90%, Талдықорғанда, Оралда 70% тозған. Бұл арадағы міндет – қолда бар қаражатты барынша тиімді пайдалану", - деп түсіндірді Марат Қарабаев.

Талдықорған әкімдігі министрдің бұл сөзімен келіспейді. Қала әкімшілігі ИИДМ басшысы өңірлердегі жағдайдан дұрыс қанық емес, сол себепті қате деректерді пайдаланған деп санайды.


Сурет: Zakon.kz


"Талдықорған бойынша қоғамдық көліктердің тозуы 45% құрайды. Біз қоғамдық көліктерді үнемі жаңартып отырамыз, қазір тіпті қала маңындағы елдімекендерге де заманауи автобустар қатынай бастаған. 2023 жылдың қазан айында автобустардың санын тағы 10 бірлікке арттыру жоспарланып отыр. Қалалық автобус парктерінде барлығы 243 жүргізуші жұмыс істейді, орташа жалақы 186 мың теңгені құрайды", - деді Талдықорған қаласы әкімдігі жанындағы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі Нұрбахыт Алтынбеков Zakon.kz тілшісіне.

Талдықорғанда жолаушылар тасымалымен айналысатын жеті кәсіпорын жұмыс істейді. Күніне маршрутқа 187 автобус шығады.

Талдықорған
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: