"Жас ұрпақты улаған түтін": Электронды темекі мен вейптер несімен қауіпті?

Қазіргі таңда электронды темекілер, вейптер қоғамға үлкен қауіп төндіріп отыр. Бүгінде бұл жаман әдетке мектеп оқушыларының әбден әуестеніп алғаны жасырын емес. Көбісі оларды қарапайым темекіге қарағанда зиянсыз деп есептейді.

Сонымен қатар, ата-аналардың балаларының бұл жаман әдетке әуестеніп жүргенін байқауы екіталай. Себебі, кәдімгі темекіден айырмашылығы, электронды жылыту құрылғыларынан темекіге тән иіс шықпайды, түрлі хош иістер бөлінеді. Оны қарапайым сағыздардың иісінен ажырату қиын.

Вейптердің аса зиян екенін көп адам біле бермеді. Оны ішке тартқан кезде бөлінетін будың құрамында аллергиялық реакцияларды, іріңдеу процестерін, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылуын тудыратын қауіпті заттардың 2000-нан астам түрі бар. Сонымен қатар, будың әсерінен тыныс алу мүшелері, орталық жүйке жүйесі зақымдалады, мутагендік процестер дамиды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдан бастап вейп айналымына тыйым салуды енгізу мәселесін көтеріп келеді. Ең сорақысы, вейптарға толық тыйым салынбаса, онда он жылдан кейін ел өкпе ауруларының эпидемиясына ұшырауы мүмкін.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда вейп айналымы 300 есе артқан. Сондай-ақ бірнеше жыл ішінде балалар мен жасөспірімдердің вейп тұтынуы бірнеше есе өскен. 2,5 жылда елге шамамен 3 млн дана вейп кіргізілді, демек, бұл жоғары табысты бизнес болып отыр.

Қазақстан Республикасының Үкіметі вейптарға, сұйықтықтарға және оларға арналған хош иістендіргіштерге толық тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы қазан айында Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеген болатын.

"Осы вейпті біздің елімізде толық тыйым салу жөніндегі депутаттардың заңға енгізіліп жатқан нормасы үкімет отырысында қаралды. Қазір толық қолдау тауып отыр. Денсаулық сақтау саласы да бұл норманы қолдайды. Қазір осы толық айналымды тыйым салғанда қандай да бір жауапкершіліктерді, қай органдар қалай жауап береді – сол мәселе қаралып жатыр. Екі-үш апта ішінде үкімет өз қорытындысын береді", – деді министр.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы 10 мамырда Парламент Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының мүшесі Нұргүл Тау премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған еді. Бұл сауал қазақстандықтардың балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында вейптердің таралуын тоқтатуды талап еткен өтініштеріне негізделді.

"Мен сауалымда вейптерді сатуға толық тыйым салуды ұсындым. Балалардың денсаулығы мен тағдыры үшін күрес өз нәтижесін берді. Ведомствоаралық комиссия мүшелері вейптерді сатуға, импорттауға, экспорттауға және өндіруге толық тыйым салуды енгізуге бірауыздан дауыс берді", – деді Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Respublica партиясының кезектен тыс ІІІ съезінде.

"Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова ДДСҰ зерттеуінен деректер келтірді, онда темекі өнімдерінің бөлігінде зиянды азайтудың баламалы құралдары жоқ делінген. Кәдімгі темекі де, электронды темекі де зиянды болып саналады.

"Әртүрлі картридждердегі никотин құрамын көрсететін зерттеу болды. Никотинсіз картридждер көрсетілген, бірақ олар іс жүзінде жоқ, яғни олар никотинсіз сұйықтық деп айтқан кезде алдайды. Шын мәнінде, никотин бар, ол 36 мг/мл деңгейіне жетуі мүмкін. ДДСҰ вейптерде никотин бар екенін анық айтты. Бір темекіде 1 мг/мл никотин болса, вейпте – 36 мг/мл. Яғни, темекіден 36 есе көп. Зиянды азайту туралы әңгімелер ақылға қонымсыз. Вейптарда сұйық химиялық никотин тікелей ауыз қуысына сіңеді және қан айналымының кіші шеңбері арқылы миға бірден енеді. Бұл никотин үшін мида көптеген рецепторлар пайда болады. Содан кейін бұл рецепторлар никотинді көбірек қажет етеді. Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің бұл бір реттік вейпке әуестігі арта түседі", – деді Садықова.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылы жүргізген зерттеуінде вейптегі никотин деңгейі 36 миллиграмм емес, тіпті, 67,6 екенін анықтады. Жалпы, бұл өнімнің зиянын көптеген елдер мойындаған, 33 ел вейп өнімдерін сатуға және әкелуге тыйым салды.

"Олардың арасында Катар мен Сингапур сияқты бай елдер бар, олар бұл өте қауіпті құбылыс екенін түсінеді. Контрабанда мен ресми вейп индустриясы арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Өйткені вейптағы ең жаман зат – май. Адам оның құрамында еріген сұйық химиялық никотинді және 2000-нан астам химиялық ингредиентті ішке тартады. Ол өкпеге еніп, жол бойында жанып, салқындап, өкпенің бұрыштарында жиналады. Сөйтіп, өкпенің төменгі қабатын толығымен, содан кейін орта, сосын жоғарғы қабатын істен шығарады. Пульмонологтар мұны вейп пневмониясы деп атайды", – деді Жәмила Садықова.

Дегенмен, лоббистер вейптарға тыйым салуға жол бермеу үшін, оның пайдалы тұстарын айтып дәлелдеуге тырысуда.

Қазақстандық вейпинг қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, мемлекет бұрын енгізілген нормалардың сақталуын бақыласа болды, мәселе шешіледі.

"Балалар таңбаланбаған, акциздері, баж салығы төленбеген мұндай өнімдерді сатып алады. Бұл 2022 жылғы салық аударымдарынан көрінеді. Шешім бар: импортты бақылау. Біз нарықтың жосықсыз қатысушыларын анықтайтын жұмыс тобын ұсынуға дайынбыз. Денсаулық сақтау министрлігіне 2014 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеулер туралы еске салғым келеді. Сондай-ақ электрондық темекі табак өнімдерін тұтынуды азайтуға көмектеседі деген пікірлер көп", – дейді Қазақстанның вейпинг қауымдастығының өкілі Ринат Шамерзаев.

Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі жағдайда импортты бақылау – өте қиын шаруа.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі темекі өнімдерін сөрелерде ашық қоюға заңмен тыйым салынғанын түсіндірді, бірақ кәсіпкерлер ол норманы сақтамайды. 2018 жылғы зерттеуге сәйкес, 15 жасқа дейінгі ұлдардың 14 пайызы және қыздардың 6 пайызы бір реттік электронды темекіні, вейпті қолданып көрген. 2020 жылы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс қабылданды. Онда темекі өнімдерін, соның ішінде электронды өнімдерді тұтынуды реттейтін норма бар. 2021 жылы темекі өнімдерін сөрелерде ашық қоюға тыйым салу туралы норма енгізілді.

Министрлік түрлі-түсті қаптамалар мен мен хош иістердің алуан түрлілігіне байланысты жасөспірімдер бұл құрылғыларды зиян деп санамайтынын атап өтті. Бұл ретте вейптердің басты қауіптілігі – оған құйылатын сұйықтықтардың белгісіз химиялық құрамы, сондай-ақ пластикалық корпусты қыздыру кезінде бөлінетін канцерогендер.

Шілде айының соңында парламенттік ведомствоаралық комиссияның мүшелері Қазақстанда вейптерді сатуға, импорттауға, экспорттауға және өндіруге толық тыйым салуды енгізу үшін бірауыздан дауыс берді. "Ашық НҚА" порталында вейптерге қатысты тыйым салу нормаларын қамтитын халық денсаулығы туралы кодекске түзетулер енгізілді. Осылайша, жаңа түзетулер ҚР Қылмыстық кодексіне 3000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелгені, дайындағаны, сатып алғаны, сатқаны, тасымалдағаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру туралы бап енгізуді көздейді. Сондай-ақ "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексте заңнамалық тыйым салу немесе шектеу қолданылатын тауарларды заңсыз сатқаны үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылуда.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұл бастамасын дін басылары, атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз және тәлімгерлік бөлімі басшысы Батыржан Мансұров, сондай-ақ Орталық Азияның католиктік епископтары конференциясының баспасөз хатшысы Петр Пытлованы қолдады. Олар өз конфессиялары мүшелерін темекі шегуден толық бас тарту арқылы ел болашағын қорғауға шақырды.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 18 қазан күні мәжіліс алаңында өз ведомствосының неліктен Қазақстанда вейпингке тыйым салуды ұсынатынын түсіндірген болатын.


Алматы Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: