– Жыл басынан бері қала аумағында 786 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Жергілікті тұрғындарға келтірілген жалпы шығын көлемі – 720 млн теңге.
Азаматтарға интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндірме жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, аталған қылмыс саны азаяр емес. Осыған байланысты тұрғындарға алаяқтықтаң сақ болуды ескертемін, – деді Арман Бейсенбаев.
Тәртіп сақшысының айтуынша, интернет-алаяқтар арам ойын іске асыру үшін мына әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады:
– Олар өздерін "банк қызметкері" немесе "құқық қорғау органдарының өкілі" ретінде таныстырады. Жалған нөмірлермен қоңырау шалып, сіздің есепшотыңыздағы ақшаларды шұғыл басқа шотқа аудартуға немесе атыңыздан несие рәсімдеуге тырысады;
– Ал кейбіреулері интернеттің мүмкіндігін ескере отырып, лауазымды тұлғалардың атын пайдаланып, еліміздегі ірі кәсіпорындарға инвестиция салу арқылы ақшаңызды көбейтуге шақырады.
– Алаяқтардың ең жиі қолданатын тағы бір әдісі – тауарлай несиені қолма-қол ақшаға айырбастап беруге сендіреді, (обналичка жасаймыз) түбінде сізді тақырға отығызып кетеді.
– Төртіншіден, қазіргі таңда кең тараған интернет-алаяқтық хабарландыру сайттары арқылы, яғни "ОLХ", "Крыша", "Колеса.кз" платформаларында жасалады. Онда, түрлі мүліктер сатылымға шығарылып, алаяқтар адамдарды тарту үшін арзан бағада сапалы тауарларды ұсынады. Сондай-ақ қызығушылық танытқан азаматтарды шешім қабылдауға асықтырып, алдын ала төлем жасауға көндіреді.
– Тағы бір айта кететін жайт, өз атыңызға ашылған банк карталарын бөтен азаматтарға сатпаңыздар және жалға бермеңіздер. Олар оны теріс пиғылын жүзеге асыру үшін пайдаланады.
Ал бұл жағдайда заң алдында сізге де, қылмыскерге де қатаң жаза қарастырылғанын еске саламын, – деді Арман Бейсенбаев.