Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде осы жылдың 10 айында:
- ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 200,3млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға артты;
- ауыл шаруашылығы негізгі қорына 9,4 млрд. теңге инвестиция салынып, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 36,6%-ға артты;
- тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға 2,2 млрд. теңге инвестиция салынып, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 3,1 есеге артты.
"Жалпы биыл облыс бойынша 193,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. (Оның ішінде, дәндi дақылдар 99,9 мың гектар, майлы дақылдар 4,5 мың гектар, мал азықтық дақылдар 69,2 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 19,8 мың гектар). Ал негізгі дақыл күрiштің көлемі - 89,0 мың гектарды құрады. Сәйкесінше ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға ұлғайды", - деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Т. Дүйсебаев.
Өңірде егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында биыл 3 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Сурет: Қызылорда әкімдігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар осы жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 872 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғымен салыстырғанда 80 гектарға артты. Бұл тенденцияны жыл сайын 1000 гектарға дейін жеткізу межеленуде.
Бұл бағытта алдағы жылдары 5 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде, жалпы құны - 25,6 млрд.теңгені құрайтын жаңбырлатып суару әдісімен мал азықтық дақылдарын өсіру бойынша - екі жоба, жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісімен жүгері дақылдарын өсіру бойынша – екі жоба, тамшылатып суару әдісімен – бір жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Сурет: Қызылорда әкімдігінің баспасөз қызметі
Егін егу науқаны барысында біздің шаруашылықтар 100%-ға жоғары репродукциялы тұқыммен және қажетті тыңайтқыш, жанар-жағар маймен қамтамасыз етілсе, егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын оңтайлы мерізімінде агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, күріштің өнімділігін арттыру үшін аймақтың күрделі климаттық жағдайына бейімделген, өнімділігі жоғары жаңа сорттарды өндіріске енгізу өте маңызды. Осы бағытта Украиналық және Қытайлық селекционерлермен күріштің жаңа қарқынды сорттарын өсіру туралы келісімге қол жеткіздік.
Қазіргі таңда Украина ғалымдарымен бірлесіп, күріштің "Виконт", "Премиум", "Маршал" Украиндық сорттарын жергілікті жердің ауа райына бейімдеп орналастыру қолға алынды. Осыған ұқсақ, Ресейдің "Яхонт", "Патриот" жаңа күріш сорттары тәжірибе есебінде барлығы 71 гектарға 20 тонна тұқым егіліп, "Яхонт" сортынан әр гектарынан 58,7 центнерден, «Патриот» сортының әр гектарынан 75,4 центнерден өнім алынды.
Сурет: Қызылорда әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл сорттардың өнімділігі Ресейдің "Лидер", "Янтарь" сорттарына қарағанда 10,1 центнерге жоғары болды және су тапшылығы жағдайында суармалы суды үнемдеу мақсатында өсу мерзімі 10-15 күнге қысқарды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде егілген дақылдар мерзімінде жиналды.
Жалпы күзгі егін жинау науқанында облыс бойынша 521,2 мың тонна дәнді дақылдар, оның ішінде 503,3 мың тонна күріш, 4,8 мың тонна майлы дақылдар, 94,4 мың тонна картоп, 398,7 мың тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды.