Президенттің сөзінше, мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау қажет. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс.
"Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжатты пысықтап, жетілдіру қажет. Парламент депутаттарынан осыған ерекше мән беруді сұраймын. Ең алдымен, аудиторлардың қызметін реттеу керек. Осы орайда әркімнің заң нормаларын өз қалауына қарай икемдеп, түсіндіруіне жол беруге болмайды. Бұл – тауар, жұмыс және қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптарға да қатысты мәселе. Олардың белгіленген мерзімді бұзғаны және жұмысты сапасыз орындағаны үшін жауапкершілігін күшейту қажет. Мұның, әсіресе, құрылыс саласы үшін маңызы зор." Президент
Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң ЕРС шарттарын қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс. Бұл ретте ЕРС шарттарын жасауға дайындық шараларының мерзімі қысқа болуға тиіс. Сонда әкімдіктер басымдық берілген әрі шұғыл жүзеге асырылуға тиіс жобаларды тездетеді, - деп атап өтті мемлекет басшысы.
"Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін дамыту үшін біраз шаруа атқарылды. Бірақ нәтижесі әлі де мардымсыз. Қазір мұндай жобалар негізінен әлеуметтік салаға енгізіліп жатыр. Бұл саладан көп табыс түспейтіні белгілі. Ашығын айтқанда, біз нысандардың құрылысына бөліп төлеу арқылы қаржы құйып отырмыз. Мемлекет үшін мұндай тәсіл, әрине, тиімсіз.Жалпы, осы саладағы нормалар мен рәсімдер жеке бизнеске салмақ салады не болмаса инвесторға өте тиімді болғанымен, мемлекетке пайда әкелмейді. Бір сөзбен айтқанда, теңгерімді, яғни балансты сақтау керек, мемлекет пен инвестордың мүддесі бірдей ескерілуі қажет." Мемлекет басшысы
Бірақ бізде мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жеке жобаларды бюджеттен астыртын қаржыландыратын тәсілге айналып кетті, деді президент.
"Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жүйесін қайта құруға қатысты жұмыс баяу жүріп жатыр. Әзірге нақты нәтиже жоқ. Үкімет осы мәселені ретке келтіру қажет. Ешқандай жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Оған әлемдегі озық тәжірибені пайдаланып, уақыт тезінен өткен тәсілдерді ұсына алатын халықаралық ұйымдарды тартқан жөн. Бұл мәселені шұғыл шешу керек". Қасым-Жомарт Тоқаев