Қыран баптаған қазақ қызы – Айзере

Шығыс Қазақстан облысы Бозанбай ауылының кішкентай тұрғыны Айзере бүркіт баптап, аңға салады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сегізінші сынып оқушысы 8 жасында құзға өрмелеп, ұядағы балапанды өз қолымен алыпты. Қазір  құсбегілік өнерді барынша дәріптеп жүр. 14 жастағы Айзере қолы қалт етсе тауға асығады. Әкесімен бірге, қыран құс қолына қондырып, құмай тазысын ертіп, аңшылықтың қызығына түседі. Құсбегілер әулетінен шыққан қыз үшін бұл қалыпты дүние болса керек. Өз бүркітін Мұзбалақ деп атапты. Балапан кезінде ұядан өзі алған. Басындағы тымағы Мұзбалақ алған түлкінің терісінен тігілген. Ол құстың тырнағына іліккен аңды осылай іске жарату керек, әйтпесе обал болатынын айтады, деп хабарлайды 24kz.

"Шиқылдап, дауыстап шақырып отырады,сол кезде өзім де сеземін. Жан-тәніммен жақсы көремін.  Ауырып отырса көңіл-күйі жоқ болған сияқты боп сезіледі өзіме,түкке зауқы болмайды, аңға шыққанда да қумайды аңды". Бүркітші қыз Айзере

Бүркіт кірпияз, тәкаппар құс. Тазалықты сүйеді. Тәбеті күшті. Қазір аңға салып жүргендіктен, шамалап қана жемдеп отыр.

"Бүркіт ұстаған оңай әкеп байлап қояды жемін береді, алып шығады. Оның жаңағы бабы күтімі, қыстайғы жемі, ең аз жемдегенде 200-300 гр етті алайық бір күн жейтіні, 360 күнге есептесеңіз орта есеппен екі сиырдың етін жеп қоятындай деңгейде, күнделікті беріп отырсаң". Айзеренің әкесі Маркс Нажитпан

Айзере білімге құштар,сыныпта сыйлы. Басты арманы құсбегілікті насихаттау. Айтпақшы, бүркіті биыл 6 жасқа толады. Бұл - оны еркіндікке жіберетін кез таяды дегенді білдіреді. Әзірге Айзереге ауыр тиіп жүргені де осы. Мұзбалағын қимайды.

Өскемен
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: