Алматы тауларында қар көшкінінің үйді қалай басып қалғанын куәгерлер видеоға түсіріп алған. Олар Instagram-да көшкін 2024 жылы 22 наурызда таңертең "Алматау" тау курортында болғанын жазды.
"Букреев шыңынан қар көшкіні құлады, адамдар өлуі мүмкін! Мынау сол жердегі жұмысшылардың түсірген видеосы, басшылық үнсіз отыр", - делінген жазбада.
Видео авторы қар көшкіні үйді айналып өтіп, тоқтағанын хабарлады. Оның ұзындығы – шамамен 400 м.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұған қатысты түсінік берді. Ведомствоның хабарлауынша, 22 наурыз күні таңертең жылымықтың әсерінен, сондай-ақ жауын шашынға байланысты Қотырбұлақ өзенінің бассейнінде қар көшкіні еріп, қар массасы Pioneer тау шаңғысы курортының құрылысына дейін жетті.
"Таулы кешен жұмыс істемеген, абырой болғанда зардап шеккен адамдар жоқ. Сарапшылар түскен қар массасының көлемін ауа райы қауіпсіз болғанда өлшейді және есептейді. Айта кету керек, бұған дейін 20 наурызда "Қазселденқорғау" ММ қалалық филиалы Pioneer курорты әкімшілігіне көшкін қаупі және қажетті шаралар қабылдау туралы ұсыныс берген болатын. Жоғарыда аталған мамандардың ұсынысы бойынша адамдардың жүруіне шектеу орнатылған". Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Алматы өңірінде 165 қар көшкіні алқабы бар, оның 18-і қауіп төндіреді.