4 сәуір халықаралық интернет күні: қызықты фактілер

4 сәуірде Халықаралық интернет күні атап өтіледі. Бір қызығы, аталған мерекені құру туралы бастама католик шіркеуіне тиесілі. 1999 жылы Рим Папасы Иоанн Павел II интернетті адамзат білімінің ең үлкен мұрағаты деп шешіп, аталған мерекені бекіткен болатын.

Интернеттің пайда болу тарихына үңілетін болсақ, 1957 жылы Кеңес Одағы Жердің жасанды серігін ұшырғаннан кейін, АҚШ Қорғаныс министрлігі ақпаратты тасымалдаудың сенімді жүйесі қажет деп шешті. АҚШ алдыңғы қатарлы зерттеу жобаларының агенттігі (ARPA) осы мақсатта компьютерлік желі құруды ұсынды. Бұл желіні құру Лос-Анджелестегі Калифорния университетіне, Стэнфорд зерттеу орталығына, Юта штатының университетіне және Санта-Барбара қаласындағы Калифорния штатының университетіне тапсырылды. Компьютерлік желі ARPANET деп аталып, 1969 жылы аталған төрт ғылым орталықтарын біріктірді, барлық жұмыстарды АҚШ Қорғаныс министрлігі қаржыландырып отырды. Кейін желі жылдам дамып, оны ғылымның әртүрлі салаларындағы ғалымдар қолдана бастады.

1984 жылы ARPANET желісіне бәсекелес пайда болды. АҚШ Ұлттық ғылыми қоры (NSF) университетаралық ауқымды NSFNet желісін құрып, оған көптеген шағын желілерді біріктірді. Бұл желінің ақпарат тасымалдау қабілеті ARPANET желісіне қарағанда біршама артық еді. Бір жыл ішінде аталған желіге 10 мыңдай компьютер қосылды. Сөйтіп, 1990 жылы ARPANET желісі NSFNet желісімен бәсекелестікке шыдай алмай, өз жұмысын тоқтатты. Осы жылы Интернетке телефон арқылы қосылуға мүмкіндік туды.

1997 жылы Интернетте 10 млн компьютер болды, 1 миллионнан астам домендік аттар тіркелді. Интернет ақпарат алмасудың ең танымал құралына айналды.

Халықаралық интернет күнін бағдарламашылар өздерінің мерекесі деп санайды. Әдетте, олар оны кәсіби ортада атап өтеді. Көбісі әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін жиналады, мерекеге орай интернеттің дамуы мен болашағы туралы конференциялар өткізіледі.

Мереке киберқауіпсіздік мәселелерін талқылауға және балалар мен жастарға арналған білім беру іс-шараларын өткізуге себеп болды.

Интернет туралы қызықты фактілер:

• Электрондық энциклопедияның мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылы интернетті 5 800 000 000 адам пайдаланған – бұл бүкіл әлем халқының 72,06 пайызы;

• Интернет 1991 жылы жалпыға қолжетімді болды;

• Статистикалық зерттеулерге сәйкес, интернеттің ең белсенді қолданушылары – филиппиндіктер, белсенділігі аз қолданушылар – жапондықтар;

• Өңделетін іздеу сұрауларының саны бойынша Google көш бастап тұр – күніне 7 миллиардтан астам. Бұл әлемдегі барлық іздеу сұрауларының 91%-дан астамы;

• Әлемдегі ең жылдам интернет – Оңтүстік Кореяда (орташа жылдамдық – 25,3 мбит/с), екінші орын – Гонконг (орташа жылдамдық – 16,3 мбит/с), үшінші орын – Жапония (орташа жылдамдық – 15 мбит/с). Әлемдегі ең баяу интернет – Ливияда (орташа жылдамдық 0,5 мбит/с).

• Орташа есеппен Интернет қолданушылары желіде күн сайын 6 сағат 58 минут өткізеді. Бұл жылына 2,5 мың сағаттан асады;

• Әлемде күн сайын 319,6 млрд электрондық хат жіберіледі, оның 80%-ы спам;

• Домендік атаулар жүйесі 1983 жылы әзірленген;

• Интернет арқылы электрондық пошта жіберу бағдарламасы 1971 жылы пайда болды;

• Егер Facebook мемлекет болса, онда ол халық саны бойынша 3-ші орында болар еді;

• Статистикалық зерттеулерге сәйкес, әлемде секундына орта есеппен 127 құрылғы интернетке қосылады;

• Әрбір сегізінші ерлі-зайыпты интернет арқылы танысқан;

• Интернет-трафиктің көп бөлігін адамдар емес, роботтар өндіреді – шамамен 64%. Олардың 39%-ы зиянды;

• Бүгінгі таңда дүниежүзілік желіде 1,9 миллиардтан астам веб-сайт бар;

• Халықаралық Интернет күні – 4 сәуір (4.04) әйгілі "404 қатесіне" сілтеме болып табылады;

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: