Ораза айт күні жасалатын ізгі амалдар

ҚМДБ мәліметінше, 10 сәуір – Ораза айт мейрамы. Zakon.kz тілшісі осы атаулы мерекенің мән-мағынасы мен қадір-қасиетін зерттеп көрді.

Отыз күн ораза тұтқан қауым Шәууал айының алғашқы үш күнінде "Ораза айт" мерекесін тойлайды. Бұл мереке мұсылмандар үшін бейне бір шүкіршілік іспетті шуағы мол мейрам.

"Ораза айт" мерекесінің шығу тарихы

Аталмыш мереке хижраның 624 жылынан бері тойланып келеді. Ислами деректерге сүйенсек:

Анастан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте "Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Бұл қандай күндер?", – деп сұрағанда: "Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк", – дедi. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды", – деген. (Нәсәи хадистер жинағы).

Бұл күнді ежелден қазақ халқы да дүркіретіп атап өткен. Мәселен, халық санасында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге кіріп шығу керек деген ұғым бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі.

Айт күндеріндегі 7 абзал амал:

Пітір садақасы Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет.

Пітір садақасы мұсылмандарға парыз. Бұл жөнінде пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде келген: "Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға рамазан айында пітір садақасын беруді парыз етті". Пітір садақасының мөлшері жыл сайын шариғат бекіткен азық-түліктердің бағасына байланысты өзгеріп тұрады.

Айт күні ерте тұрып, жуынып, дәрет алып, айт намазына барудың сауабы өте көп.

Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барған абзал. Имам Мәлик: "Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін", – дейтін. Дегенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны жөн.Себебі, бұл туралы Ибн Омар былай деген: "Бірде Омар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіп: "Уа, Алланың Елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз", – деді. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Мұндай киімді ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді", – деп жауап берді".

Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.

Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: "Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын"

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)өсиетiнде: "Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу", – делiнген. Айт намазы дiнiмiзде уәжіп амал болғандықтан, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекесі арнайы ғибадаттармен басталады.

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.

Бұдан бөлек, айт мұсылман қауымы үшін басқаларға кешірім жасау, жарыса жақсылық жасау мейрамы.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы күні оқылатын Ораза айт намазының еліміз бойынша әзірленген кестесін ұсынды.

Графика: ҚМДБ ресми сайты

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: