Ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлінеді

2024 жылдың 12 сәуірінде Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Кеңесте мемлекет басшысы алдағы үш жылда ғылым саласына 625 миллиард теңге қаражат бөлінгенін атап өтті.
"Түптеп келгенде, Қазақстанды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет. Жаңа ғана сөз сөйлеген ғалымдар бірқатар салмақты ой айтты. Бастамаларды мұқият саралаймыз. Ұтымды ұсыныстар міндетті түрде жұмыс барысында ескеріледі.Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек.", деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының "Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек" деген тіркесін тиек ете отырып, бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазіргі күннің өзінде өзекті екенін жеткізді.

"Соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды"

Елімізде ғылым саласына үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданған.

"Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді. Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді. Аймақтарда шетелдің жетекші университеттерінің филиалдары ашылды. Бірақ бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды. Еліміз тұрақты дамуы үшін өзгерістерге тез бейімделіп, тың мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану өте маңызды. Бұл – стратегиялық міндет. Осы орайда мемлекет ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артады. Оларға айрықша миссия жүктеледі. Сол үшін де ғылыми әлеуетімізді нығайта береміз"Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: