Шымкентте субсидиядан қағылған шаруалар шығынға батты

Шымкентте субсидиядан үміт үзген шаруалар малын сатуға мәжбүр. Өйткені шаһар дербес қала мәртебесіне ие болғалы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің санаты өзгерген. Соның салдарынан қазірдің өзінде аймақтағы 17 ірі мал шарушалығы жұмысын тоқтатты.

Күнделікті 100 шақты сауын сиырдан түсетін пайда жем-шөппен бірге жұтылып барады. Шаруа мемлекет тарапынан сүттің литріне 30 теңгеден берілетін субсидия қаржыны бір жылдан бері ала алмай келеді, деп жазады qazaqstan.tv.

Қыстағыдай емес, жаз келіп сүттің бағасы да екі еседей арзандап кетті. Оның үстіне шетелден келіп жатқан сүт өнімдерін алмастырғыш арзанқол қоспалар шаруаны мүлдем шатқаяқтатып жіберді.

"Есептейтін болсақ 1 басқа 3 жарым мың теңге кетеді бір күнде. қазіргі уақытта біздің өткізіп жатқан сүтіміз 160-180 теңге. Өзінің жеген жем-шөбін ақтамай жатыр. ертеңгі күні мұны жабайық десек, несиеге алынған малдар. Оны сатсақ банкрот боламыз." Қайрат Азаматұлы, шаруа қожалығының зоотехнигі

Шымкент қаласындағы 30-дан астам сүт фермасында жағдай осы. Асылтұқымды сиыр өсіріп, одан сүт сауып отырған шаруашылықтың дені қала ұлғайып, облыстан ірге ажыратқан кезде шаһар аумағына қосылғандар. Меншігінде жайылымы мен егістіктері де бар. Ал бірақ электронды портал олардың жері елді мекен деп өтінімді қабылдамайды.

"Қазіргі программа бойынша біздің кадастрды енгізсең де, ИИН, БИИН-ді енгізсең де бізде жер жоқ болып шығады. Сондықтан жерің жоқ, соған сәйкес шарушалығың да жоқ дейді. Жоқ нәрсеге субсидия қалай беріледі? Сондай қиындық туындап, 8 айдан бері субсидия ала алмаймыз." Жанна Жұмашева, шаруа қожалығының есепшісі

Шаруаны сүттің субсидясынан айырған "Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы". Құжат бойынша мемлекеттік қолдау тек қарамағында ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланатын жері бар шаруаларға берілуі тиіс. Ал Шымкент мегаполис атанғалы бүкіл жері елді мекен мәртбесіне ие. Осыны айтып, үкіметке арыз да жазылды. Комиссия да келіп тексерді. Министр мақұлдады. Бірақ нәтижесіз.

"Комиссия келіп көріп бүкіл шаруаны көріп, актілерін түзіп, видео, фотоға, қала болса да шаруалар бар екенін көріп, алып кеткен. Қағидаға өзгеріс енгіземіз деген." Талғат Мекенбаев, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы

Бүгінгі таңда Шымкенттің территориясы 116 мың гектар болса, соның жартысына жуығы ауылшаруашылығы алқабы. 5 мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Өзге өнімдерді айтпағанның өзінде фермалар былтыр 56 мың тонна сүт өндірген. Енді жаңа тұжырымдаманың арқасында шаруа қолдаусыз, халық азықсыз қалатын түрі бар.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: