Үкімет басшысының айтуынша, жыл сайын республиканың су айдындарында 200-300-ге жуық адам суға кетеді. Оның 100-ге жуығы — балалар. Бұл статистика жылдан жылға сақталуда.
"Өкінішке орай, биыл да үрдіс өзгермейді. Жаз енді басталды, су айдындарында әсіресе балалар арасында қайтыс болғандар саны артып келеді. Жыл басынан бері 20 кәмелетке толмаған бала суға кетті. Өткен аптада елордада өзеннен өткісі келген жасөспірім де жазатайым болды. Қызылордада балаларды қорғау күні бірден екі бала, Түркістан облысында суару каналында тағы екі бала суға батып кетті. Каспий теңізінде де екі жасар бала өлім құшты. Мұндай фактілер күн сайын тіркелуде", - деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Премьер-Министр өңірлердің әкімдіктеріне судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі алдын алу шараларын күшейтуді, оның ішінде жүргізіліп жатқан патрульдеу шарансын арттыруды тапсырды.
Сондай-ақ, жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жағдайды нақты уақыт режимінде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қабылдау да маңызды екенін айтты. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында құрбан болғандар саны 6%-ға қысқарды.
"Алматы және Павлодар қалаларында жүзіп бару шекарасын байқауға және суға батып бара жатқандарды ерте анықтауға мүмкіндік беретін қашықтан мониторинг жасау жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтті. Ақтөбе облысында суға батып бара жатқан адамға батырма арқылы көмек шақыру сигналын жіберуге мүмкіндік беретін интерактивті қалқыма жобасы әзірленді. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, пайдалануы тиіс. Жағажайларда бақылау камераларын орнату және тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет".Олжас Бектенов
Бұған дейін Шыңғыс Әрінов ағымдағы жылдың басынан бастап 45 адам, ал 1 маусымнан бері 27 адам суға батып кеткенін айтқан болатын.