Бұдан бұрын атом энергетикасын дамыту мен атом электр станциясын салу жайында қоғамдық кездесулер бірнеше өңірде ұйымдастырылған болатын. Мақсаты – АЭС туралы жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың пікірін есту, олардың көкейкесті сауалдарына жауап беру.
Жария талқылауға облыстық және Тараз қалалық қоғамдық кеңестің, ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар филиалдарының төрағалары, облыстық және Тараз қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері, этномәдени бірлестік басшылары, белсенді жастар, өңірлік университеттердің ғалымдары мен студенттері, энергетика саласының мамандары шақырылды.
Атом электр станциясы – электр энергиясын өндіру көзі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмірінің кепілі. Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін энергетиктер бірнеше жылдан бері талқылап келеді.
Кездесу барысында ҚР Энергетика министрлігі, "Қазақстан атом электр станциялары" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ядролық физика институтының мамандары еліміз үшін атом электр станцияларының қажеттілігі, АЭС салудың артықшылықтарын, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс жасау принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ атом саласының мамандары жаһандық атом энергетикасының жағдайымен және заманауи қауіпсіз ядролық технологиялар арқылы Қазақстанның энергия тапшылығын азайту жоспарлары туралы айта кетті.
Энергетика министрлігі мамандарының сөзінше, жыл сайын елімізде электр энергиясына деген қажеттілік 3 пайызға өсіп жатыр. Сол себепті, басқа көршілес мемлекеттерге тәуелді болып қалмас үшін, өз елмізде АЭС салу керек.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Жыл санап елде электр қуатына деген қажеттілік артып келеді. Алдағы 10 жылдан кейін бізге электр қуатын қосымша артыру керек болады. Қазақстан Үкіметінің көміртегісіз энергетикаға көшу бағыты, сондай-ақ елімізде шикізат пен өндірістік базасының болуы, республикада атом энергетикасы саласын дамыту үшін барынша тиімді жағдай жасайды", – деп атап өтті өз сөзінде ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова.
Атом электр станциялары "жасыл" энергия көзі болып саналады. Мамандардың айтуынша, қуаты 1000 МВт атом электр станциясының жұмысы жыл сайын парниктік газдар шығарындыларын 4 миллион тоннаға азайтады. Сонымен қатар, атом энергетикасы ғылым мен білімнің дамуына септігін тигізеді және де сабақтас салаларда жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Халық арасында АЭС жайында түрлі пікір қалыптасқан, көбісі оны экологияға және адам денсаулығына қауіпті деп ойлайды. Атом станциясының жылу электр станциясынан айырмашылығы біреу ғана. Жылуда көмір қазандығы болса, атомда ядролық реактор тұрады. Атом станциясы суды көп пайдаланады, зиянды қалдықтары көп деген уәждердің барлығы шындыққа жанаспайды. АЭС-ке қарағанда жылу электр станциясынан бөлінетін зиянды қалдық әлдеқайда көп. Сондықтан атом энергетикасы жасыл энергия көздеріне жатады," - деді өз сөзінде Асуан Сиябеков, "Қазақстандық атом электр станциялары" компаниясының бас инженері.
Ал Елімізде АЭС салынған күнде де, кадрлармен қамтамасыз ету, бұл салаға жауапты бола алатын маман бар ма деген сауалға Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев жауап берді, ғалымның айтуынша, атом саласы еліміз үшін таңсық дүние емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 мыңы негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ, ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында көптеген мамандар жұмыс істейді, атом электр станцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижелері Жапония, Франция және басқа да ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын елдердің бірқатар инновациялық атом электр станциялары жобаларында ескерілген.
"Қазақстанда АЭС салу жөніндегі талқылаулар мен әртүрлі пікірталастар аясында еліміздің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы орасан зор тәжірибесін атап өту маңызды, мәселен Ядролық физика институты негізінде 57 жыл бойы ССР-Қ (қазақстандық су-сулы реакторы) табысты жұмыс істеп келеді, бұл Қазақстан Республикасындағы жалғыз стационарлық, көп мақсатты (іргелі, қолданбалы зерттеулер, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнімдерді өндіру бойынша) зерттеу реакторы, ол Қазақстанда АЭС салу үшін қарастырылып жатқан реакторлардың түпүлгісі болып табылады",- деп атап өтті С. Сахиев.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
АЭС салу мәселесі бойынша жұртшылықтың ұстанымын анықтау мақсатында өткізілген кездесу аясында тұрғындар жан-жақты пікір айтып қана қоймай, атом энергетикасы туралы толығырақ түсінік алуға, мамандарға сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.