Гүлзат Көбенова биыл 181 мың абитуриент ҰБТ тапсырғанын, екі рет бағын сынағандықтан бұл арадағы нақты цифр 326 мыңды құрайтынын әрі бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 20 мыңға артық екенін айтты.
"Бұл еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. 139 мың түлек шекті бал жинады. Біреуі ең жоғары 140 балды жинады. Ол Алматы облысы, Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылының № 22 орта мектебінің түлегі - Жаннұр Еңбекбек (өткен жылы ең жоғары балл 137 балл болды, оны 5 адам жинады)", - деп атап өтті ол.
139 баллды екі түлек жинады: ШҚО-дан Аяужан Мұратова және Қызылорда облысынан Нұрболат Жұбатқан. Олардың барлығы - ауыл мектептерінің түлектері. Тағы 716 адам 130-дан астам ұпай жинады.
"Биыл бакалавриатқа 79 мыңға жуық грант бөлінді. Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген. Гранттардың ең көп бөлігі "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарламаларының топтарының үлесіне тиді: 19 344 грант. Одан кейін "педагогикалық ғылымдар" – 13 735 грант, "ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" – 10 903 грант, "жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" – 8 288 грант", – деді спикер.
Сондай-ақ биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы төленетін дифференциальды гранттар енгізілді.
150 диференциальды грант "педагогикалық ғылымдар" және "әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат" білім беру бағдарламаларына бөлінді.
"Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген талапкерлердің, егер негізгі ҰБТ ұпайлары төмен болып шықса, гранттар конкурсына қаңтар немесе наурызда алған ҰБТ сертификаттарын ұсыну мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, 2024 жылы гранттардың жалпы санының 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден келген талапкерлерге бөлінеді", - деп сөзін түйіндеді Гүлзат Көбенова.
Мемлекеттік білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа құжаттар 12 күнде қабылданады. Білім беру гранты иегерлері есімдерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.