Қарағанды тұрғыны сотта әкімдіктің жер учаскесін беру туралы шешіміне қарсы шықты

Қарағандыда әкімдік жер учаскесін заңсыз бергісі келді, алайда жергілікті тұрғын сотта бұл шешімге қарсы шықты. Бұл туралы 2024 жылғы 3 қыркүйекте ҚР Жоғарғы соты мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, Қарағанды тұрғыны сотқа қала әкіміне қатысты әкімшілік талап қоюмен жүгініп, азамат Д.-ға жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.

Талап қоюшының пікірінше, даулы жер учаскесі азамат Д.-ға жер заңнамасын бұза отырып берілген, бұл оның өтініші бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеру барысында анықталған.

"Даулы қаулы оның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзады, бұл жер учаскесінде оның инженерлік коммуникациялары орналасқан, сондай-ақ үйден көшеге шығатын жол жабылған".ҚР Жоғарғы соты баспасөз қызметі

Сот жергілікті атқарушы орган даулы жер учаскесін берген кезде жер заңнамасының талаптарын бұзғанын анықтады.

"Осылайша, әкімдік қаулысымен Д.-ның жер учаскесі мемлекет меншігіне алынып, оның орнына 0,1000 га аумақтағы жеке тұрғын үй салу үшін даулы жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген. Даулы жер учаскесі талап қоюшының жер учаскесінің алдында орналасқан, осылайша көшеге шығатын жолды жауып тұр. Сонымен қатар, осы учаскеде оның коммуникациялары бар".ҚР Жоғарғы соты баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, қаланың сәулет және қала құрылысы бөлімі талап қоюшыға жеке тұрғын үйдің жобалау және құрылысын жүргізуге арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын бекіткен. Эскиздік жоба келісіліп, оған сәйкес талап қоюшының көлік жолы жоғарыда аталған көше арқылы қарастырылған.

"Осылайша, даулы қаулы әкімшілік органның кейінгі әрекеттерімен келіспей, талап қоюшыны өзіне тиесілі жер учаскесі мен ғимаратқа кіретін жолдан айырып отыр. Осы жағдайларды ескере отырып, сот Қарағанды қаласы әкімдігінің даулы қаулысын заңсыз деп тану және оны жою туралы талап қоюшының талаптарын негізді деп тапты".ҚР Жоғарғы соты баспасөз қызметі

Сондай-ақ, ҚР Жоғарғы соты баспасөз қызметі сот үкімінің заңды күшіне енгінін де атап өтті.

Қазақстан Қарағанды
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: