Жалпы республикалық "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында қоғамдық орындарда, көшедегі қоқыс жәшіктері мен арық жүйесінде ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Мақсат – мегаполисті таза, жайлы әрі тартымды ету.
Небәрі бес күн ішінде арнайы техниканың күшімен көше-жол желісінен 1000 м³-тан астам қоқыс шығарылды, оның ішінде арық желісінен 365,2 м³ қоқыс жиналды.
Санитарлық тазалық жалпы ауданы 25,1 млн м² және ұзындығы 2 777 км 2 318 көшені қамтиды. Көше-жол желісін тазалау жұмыстары 12 мердігер ұйымның күшімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні қалада 1000-нан астам арнайы техника мен 1300-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Күндізгі уақытта көшелерді тазалауға күн сайын 700 техника және шамамен 1000 жұмысшы шығады. Түнгі ауысымда шамамен 220 техника және 250 жұмысшы жұмыс істейді.
Ұзындығы 1525 км қаланың арық желісін тазартуға ерекше назар аударылады. Күн сайын арық желісінен шамамен 160 текше лай мен қоқыс шығарылады. Шығарылатын қалдықтардың басым бөлігі пластик. Еріген және нөсер суының кедергісіз ағып кетуі үшін арық желілерін тазалауға күн сайын 80 бірлік техника мен 320 жұмысшы шығады.
Қала бойынша тәулігіне орта есеппен 520 м³ қоқыс пен қалдық шығарылады, оның ішінде 100 м³-ке жуығы пластик. Магистральдық көшелер күніне екі рет, ал аудандық маңызы бар көшелерді күнделікті тазартылады. Автобус аялдамалары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар жуылып жатыр. Сондай-ақ, жол бойы мен қоғамдық орындарда жерге түскен жапырақтар жиналып, шығарылады.
Дегенмен, қаладағы тазалықты сақтау шараларына қарамастан ластануға байланысты мәселелерге тап боламыз. Арықтар әлі де тұрғындар тастайтын кездейсоқ қоқыстармен бітеліп, қатты жауын-шашын кезінде су басуға әкеледі. Тазалықты сақтау – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын қоқыс тастамауға, әсіресе арықтарға қоқыс лақтырмауға және тазалықты сақтауға шақырамыз.
Еске сала кетсек, биыл Алматыда Қала күні балалар мен ересектерге қызықты 150-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралармен атап өтіледі.