33 жастағы Ева Жигалина Алматы облысы Қаскелең қаласының тумасы. Ол бала кезінен ат жарыстарына қатысуды армандаған, алайда ол кезде жүйрік тұлпар тым қымбатқа түскен. Сондықтан әкесі қызына қарапайым тау жылқысын сыйға тартты.
Ева бірде атпен серуендеу кезінде, ауылдағы көкпар ойынын көрген. Ойынның рухы оны тәнті етпей қоймады. Дәл осы сәттен оның спорттағы жолы басталды.
"Менің әкем тауда орманшы болды. Үнемі қасында еріп жүретінмін, мал бағуға көмектестім, көп уақытымды ер тоқымда өткіздім десем де болады. Ауылда көкпар ойнап жүрген көкпаршыларды көріп, бағымды сынап көруге бел байладым. Бастапқыда ауылдық көкпарда ойнадым. Үнемі жеңістерге жетіп жүрдім. Шыны керек бір рет ойнап көрсеңіз, ойынның қызығына қалай кіріп кеткеніңізді байқамай қаласыз". Ева Жигалина
Сурет: Ева Жигалинаның жеке мұрағатынан
Жигалинаның көкпармен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан. Ол кәсіби деңгейге жету үшін тұрақты дайындық пен күш-жігер керек екендігін атап өтті.
"Көкпарда ең алдымен жылқыны дұрыс таңдау мен баптау, үйрету маңызды. Егер сіздің атыңыз ұтқыр болса, көпшілік ортасынан сізді оңай алып шығады. Сондықтан жылқыны алдымен кішігірім жарыстардан бастап дайындап, үлкен ойындарға біртіндеп шығару керек",- деді ол.
Оның айтуынша, үлкен көкпарларға 100-ден 1000 ойыншыға дейін қатыса алады.
Ева әйел шабандоз ретінде біржақтылыққа тап болса да, ол әлі де өзінің сүйікті ісімен айналысуда және көкпарда мүмкіндігінше қыздардың да қатысуын армандайды.
"Әйел көкпаршыларға қиындықтар көп, оларға әрине еркектермен тең дәрежеде бәсекелесу әлдеқайда қиын. Тұрақты ат жаттығулары физикалық тұрғыдан шаршатады, тіптен күйеуіме кешкі ас әзірлеу қиынға соғатын кездер де болады. Бірақ бірнеше күннен кейінгі демалыстан соң, аяғым бәрібір ипподромға тартып тұрады. Кейде кейбір ер адамдар менің қатысуыма қарсы болады. Менің ойымша, олар мені қарсылас ретінде көреді, себебі менде сенімді тұлпар мен тыңғылықты дайындық бар". Ева Жигалина
Ева Жигалина қазір көкпармен кәсіби түрде айналысады. Спорттық мансабында ол көптеген жүлделі орындарға ие болған. Күйеуімен бірге Алматы облысының Ұзынағаш ауылында шаруашылық жүргізеді және Көкбастау ипподромында жылқы өсірумен айналысады. Оларда жалпы саны 60 жылқы бар, олардың 15-і көкпар ойнауға арналған.