Ковидпен 650 миллиондай адам ауырып, 6 жарым миллионға жуық науқас қайтыс болды. Қазір жағдай тұрақты. Дегенмен жұқпалы дерттің зардабымен күрес әлі жалғасып жатыр.
Covid-19 адамдардың өмірін бір-ақ күнде өзгертті. Төтенше жағдай жарияланып, тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Елде мүлгіген тыныштық орнады, деп жазады qazaqstan.tv.
Маска тағу, карантин, онлайнға көшу. Қашықтық сақтау күнделікті дағдыға айналды. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің дерегінше, 4 жыл ішінде 1 жарым миллион адам коронавируспен ауырған. Жұқпалы дерттің салдарынан 20 мыңдай науқас көз жұмған. Қайтыс болғандардың көбі – қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдар. Пандемия аяқталды дегенімізбен, індет жоқ болып кеткен жоқ. Мәселен, жыл басталғалы 138 адамнан коронавирус анықталған.
"Қазір ауырған адамдар амбулаторлық деңгейде ем алады да, тез жазылып кетеді. Қазіргі кезде коронавирус бойынша стационарлық ем алып жатқандар жоқ. Алдыңғыларынан ерекшеленбейді, кәдімгі ЖРВИ-мен ауырған сияқты болады. Жөтел болады, тамағы ауырады, температура көтеріледі. ЖРВИ-ден ерекшелігі – дәм, иіс сезу аздап жоғалуы мүмкін." Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы
Коронавирус пандемиясы кезінде елімізда жаппай егу науқаны жүргізілгені белгілі. Үкімет инфекцияға қарсы 27 миллион доза вакцина сатып алды. Екпенің бірінші компонентін 10 800 000 адам, екінші компонентін 10 600 000 тұрғын салдырды. Тағы 5 800 000-дай адам ревакицнация жасатқан. Бұл кезде 5 дәрілік препарат қолжетімді болды. Атап айтқанда: QazVac, Спутник V, HayatVax, CoronaVac, Pfaizer екпесі.
Пандемия басталған кезде коронавируспен ауырған көп науқастың денсаулығы нашарлаған. Оған нақты емдеу протоколының болмауы себеп екен. Дәрігер-инфекционистің айтуынша, ауруханаға түскендерге антибиотиктер мен қабынуға қарсы дәрілер шамадан тыс берілген. Бұл белсіздік пен бедеулікке, жүктіліктің мерзімінен бұрын тоқтауына да әсер еткен.
"Қабыну процесі көбіне өкпеде жүргендіктен, өкпеде тыртық пайда болды. Сондықтан өкпе тыртықтануы фигрозға алып келеді, фигроздан әрі қарай өкпенің созылмалы ауруларына және де астма сияқты аурулардың асқынуына алып келді. Көп адам қазір сонымен шағымданып келеді. Қант диабетімен бұрын ауырған адамдарда қантты тұрақтандыру қиынға соғып жатыр. Эндокринологтар дабыл қақты. Бұрынғы берілген дәрілер көмектеспейді, оның мөлшерін үлкейту керек немесе одан да күшті дәрілер беру керек." Жомарт Убайдаев, дәрігер-инфекционист
Пандемия адамзатқа үлкен сабақ болды. Денсаулықтың қадірін ұқтырды. Дәрігерлер ковидтен әлі де сақтану керектігін айтады.