"Қазгидромет" РМК мәліметінше, еліміздің оңтүстігінде ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
"Мамыр айының басында Қазақстанда барикалық түзілістердің жылдам өзгеруіне байланысты тұрақсыз ауа райы күтіледі: найзағай ойнап, жел күшейеді, түнде республиканың солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады", – делінген хабарламада.
Бүгін, 2 мамырда республиканың оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр, таулы аймақтарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі.
"Күндіз Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында және оңтүстік-шығысында бұршақ жаууы мүмкін. Республиканың батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл соғады. Түнде және таңертең республиканың барлық аумағында тұман күтіледі". "Қазгидромет" РМК
Гидрометеорологиялық орталық температураның күрт өзгеруі күтілмейтінін атап өтті.