Қала әкімдігінің жазуынша, 21 тамызда ол серіктестерімен бірге "Сайран" көлі жағалауындағы қоқыстарды жинады.
"Алматыда жүргеніме бір жылдан аса уақыт болды. Бұған дейін Instagram-да басқа бағыттағы контентпен айналысатынмын. Кейін бауырым, онколог Данияр Жұматаевпен ақылдасып, бағытымызды өзгертуді ұйғардық. Сөйтіп экочелленджіміз басталды. Басты мақсатымыз – 90 күн ішінде елімізді қоқыстан тазарту әрі әлеуметтік желі арқылы жастарға дұрыс құндылықтарды, табиғат пен туған қалаға деген сүйіспеншілікті дарыту", – дейді блогер.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, челлендж 1 маусымда Алматыда басталды. Дулат бастаған топ көшелерді тазалаудан кірісті.
"Бір күні кешкісін Сайранға бардық. Ол кезде саябақ ресми ашылмаған, шомылуға рұқсат жоқ еді. Бірақ адамдар арбуз жеп, қоқысын, жаялықтарын тастап кететін. Әдемі жасыл аймақтың қоқысқа толып кеткенін көріп, осы жерді тазалауға бекіндік. Челлендждің 13-күні Сайранды жинадық: әр 5–10 метр сайын 10–11 қап қоқыс шығатын. Волонтер тарту үшін әлеуметтік желіде үндеу жарияладым, алты адам қосылды", – дейді Дулат.
Ол содан бері таңғы 5:00-де Сайранда жиналатынын, күн сайын 30–40 қап қоқыс шығарғандарын айтты.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қазір оның командасында маркетолог, видеограф, SMM-маманы бар. Еріктілердің қатары да күн санап көбейіп келеді. Блогер әлеуметтік желілер арқылы жастарға экологиялық ой қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр.
"Осы уақыт ішінде төрт қалада болдым: Алматы, Шымкент, Жаркент, Жетісай. Алматыда бізге 30-ға жуық адам қосылды. Шымкентте 200-ден астам жас ерікті бірге шықты, Жаркентте – 150, Жетісайда – 100. Барлығы төрт қалада 400–500 еріктімен жұмыс істедік", – дейді ол.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Челлендж нәтижесінде блогер жастармен бірге Алматыны небәрі 28 күнде тазартты. Кейін Шымкентте екі апта еңбек етіп, одан соң Жаркент пен Жетісайға барды.
"Бастапқы мақсатымыз Алматыны 90 күнде тазалау болатын. Бірақ "Вирус" жобасы жай ғана қоқыс жинаудан әлдеқайда ауқымды бастамаға айналды. Ең бастысы – көптеген адамға тазалық мәдениетін дарыта алдық деп ойлаймын", – деп қорытындылады Дулат Нәбиев.
Бұған дейін Сайран көлі маңында құқық бұзушылықтар анықталғанын жазғанбыз.