Путиннің айтуынша, бұл апат белгілі бір дәрежеде сол күні әуе кеңістігінде украиналық ұшқышсыз аппараттардың (дрондардың) болуымен байланысты. Ресей басшысының сөзінше, AZAL ұшағы апатқа ұшыраған күні ресейлік әуе қорғаныс жүйелері Украинаға тиесілі үш дронды бақылап отырған. Сол кезде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінен екі зымыран атылған, деп жазды ТАСС.
"Әуе қорғаныс жүйесінен атылған екі зымыран AZAL ұшағына тікелей соққы бермеді, бірнеше метр қашықтықта жарылды", - деді Владимир Путин.
Оның айтуынша, ұшаққа тура соққы емес, жарылыстан шашылған сынықтар тиген болуы мүмкін.
"Екінші себеп — Ресейдің әуе қорғаныс жүйесіндегі техникалық ақаулар. Егер зымырандар тікелей ұшаққа тисе, ол бірден құлар еді. Бірақ шамамен 10 метр қашықтықта жарылған, бәлкім бұл өздігінен жойылу болған шығар", - деді Путиннің сөзін РИА Новости келтіреді.
Ресей басшысы AZAL ұшағының апатына қатысты барлық лауазымды тұлғаның әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін айтты.
Путин Әзербайжан президентіне бұл трагедия Ресей әуе кеңістігінде болғаны үшін кешірім сұрағанын да еске салды. Оның сөзінше, Мәскеу тергеу жұмыстарына барынша көмек көрсетіп отыр.
"Біз, келісім бойынша, тергеуге барлық жағынан қолдау көрсетіп келеміз. Апат жағдайына толық нүкте қою үшін уақыт қажет", - деді Ресей президенті.
Өз кезегінде Ильхам Әлиев Путинге мәліметтерді ашық жеткізгені үшін алғыс айтты.
Еске салайық, Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда таңертең Бакуден Грозныйға бара жатқан жолда Ақтауға жақын жерде құлады. Әуе компаниясының мәліметінше, бортта 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Олардың 29-ы аман қалған.
Апатқа қатысты соңғы қорытынды есеп 2025 жылғы желтоқсанға дейін жариялануға тиіс.