Қазақстанда арзан дәрілер саны азайып барады

Фото: Zakon.kz
Қазақстанда арзан дәрілік препараттар азайып барады. Бұл туралы 2025 жылғы 14 қазанда өткен медициналық туризм форумы кезінде Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, мемлекеттік тіркеудегі дәрілердің ел аумағында нақты қолжетімділігі айтарлықтай төмендеген.

"Дәріханаларда бар препараттардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 25,5%-ға азайды – 7 932 атаудан 5 907-ге дейін қысқарды", – деді ол.

Марина Дурманова атап өткендей, ең алаңдатарлық жайт – арзан дәрілердің нарықтан кетуі.

"Бағасы 1 000 теңгеге дейінгі дәрілердің атауы 34,5%-ға азайды. Бұл кейбір арзан препараттардың мүлде жоғалып, олардың орнын қымбатырақ дженериктердің басқанын білдіреді. Оның ішінде 1 500 теңгеге дейінгі 300-ден астам дәріге тұрақты сұраныс болған. Демек, олардың жоғалуы сұраныстың аздығынан емес, басқа себептерге байланысты", – деп түсіндірді сарапшы.

Оның сөзінше, бұл үрдіс биыл да жалғасуда: бағасы 1 000 теңгеден төмен дәрілер нарықтан кетіп, қымбат баламаларға орын босатуда.

Саладағы жағдайды тұрақтандыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл шара қабылдауды жоспарлап отыр.

"Атап айтқанда, бағасы 1 АЕК-тен (2025 жылы – 3 932 теңге) төмен дәрілердің бағасын мемлекеттік реттеуден босату мәселесі қарастырылуда. Бұл қадам арзан, бірақ әлеуметтік маңызы бар дәрілердің ассортиментін сақтап қалуға бағытталған", – деді Дурманова.

Айта кетейік, 7 қазан күні Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова отандық фармацевтика саласын қолдау шаралары туралы хабарлаған болатын.

Қазақстан
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда танымал шай түрлерінен қауіпті қоспалар анықталды

Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам 15 жылға сотталды

Енді біржолғы зейнетақы төлемдеріне жер алуға болады – Отбасы банк

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Қазақстан халқының нақты саны белгілі болды