Алматы әкімдігі қалаға кіруді ақылы негізге ауыстыру туралы сұраққа жауап берді

Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
30 желтоқсанда Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XL сессиясында депутаттардың сауалына жауап берген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев бірқатар маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, депутат атмосфералық ауаны қорғауға арналған жаңа ережелер аясында Алматы қаласына немесе оның жекелеген аумақтарына ақылы кіру тәртібін енгізу көзделмегенін айтты.

Оның сөзінше, қазіргі таңда әңгіме атмосфералық ауаны қорғау саласындағы жағдайды бақылау мен реттеуге бағытталған пилоттық және ұйымдастырушылық шаралар жөнінде ғана болып отыр.

"2026 жылдан бастап ақылы жүйені енгізу жоспарланбаған, өйткені ол үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Алдымен пилоттық жоба сынақтан өткізіледі, оның артық-кем тұстары сараланып, содан кейін ғана әрі қарайғы даму бағыты айқындалады", – деді Алмасхан Сматлаев.

Ол Алматыда қаланың көлік қаңқасына арналған жоспар әзірленгенін атап өтті. Бұл құжатқа сәйкес қаланың шығыс, батыс және солтүстік бөліктерінде көлікке ауысып міну тораптарын салу көзделген. Аталған нысандарға жаңа метро желілерін және LRT бағыттарын тарту, сондай-ақ қосымша автобус маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр.

Әкім орынбасарының дерегінше, бүгінде Алматы көшесінде күн сайын 1 миллионнан астам автокөлік жүреді.

"Әлемдік тәжірибеде тұрғындардың шамамен 70 пайызы қоғамдық көлікті, ал 30 пайызы жеке автокөлікті пайдаланады. Алматыда бұл көрсеткіш керісінше: қозғалыстың 60 пайызы жеке көлікке, 40 пайызы қоғамдық көлікке тиесілі. Әлемдік үлгіге кезең-кезеңімен көшу нәтижесінде тұрғындардың қоғамдық көлікке ауысуы арқылы автокөлік саны шамамен 300 мыңға қысқаруы мүмкін. Бұл экологиялық және көлік ахуалын едәуір жақсартады. Дегенмен, бұл біртіндеп жүзеге асатын үдеріс және жуық арада шешіле қоятын мәселе емес", – деп сөзін түйіндеді ол.

Бұған дейін мемлекет басшысының құқықбұзушылықтың алдын алу және самокаттарды тіркеу туралы заңдарға қол қойғанын жазғанбыз.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады". Дүйсенбіде еліміздің 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Ұлытау облысында жыл басынан бері дрифт жасаған 14 көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

1200-ден астам құқық бұзушылық: Астанада жаппай рейд жүріп жатыр

Қазақстандық пара спортшы Малик Мұқашев таеквондодан әлем чемпионы атанды

Астана, Алматы және Шымкент қалалары бойынша алдағы бес күнге арналған ауа райы болжамы