Қаңтар ҰБТ-сы басталды: абитуриенттердің 75%-ы қазақ тілінде тестілеуден өтеді

Сурет: gov.kz
Бүгін, 2026 жылғы 10 қаңтарда қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

187 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Олардың 75,2%-ы қазақ тілінде, 24,6%-ы орыс тілінде, 189 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.

"Атап өтсек, талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – "Математика-Физика", оны талапкерлердің 19,2%-ы таңдаған. Яғни, бұл – болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 16,9%-ы "Биология-Химия", 9,7%-ы "Шығармашылық емтихан" пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ медициналық қызметкерлер мен шығармашылық саласының мамандары. ҰБТ барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты аппеляциялық комиссияның  шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады", деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Құзрлы ведомство 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалдырылғанын нақтылайды. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихы" пәні бойынша 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі.

ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балды құрайды.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, шығармашылық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін  қатысады.

Бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің Ұлттық тестілеу орталығы 2026 жылғы 9 қаңтарда қысқы ҰБТ-ға кіретін талапкерлер үшін маңызды ақпаратпен бөліскен болатын. 

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда танымал шай түрлерінен қауіпті қоспалар анықталды

Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам 15 жылға сотталды

Енді біржолғы зейнетақы төлемдеріне жер алуға болады – Отбасы банк

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Қазақстан халқының нақты саны белгілі болды