Ресми түсіндірмеге сәйкес, Алматының Жер қатынастары басқармасы мемлекеттік мұқтаждық үшін жер телімдерін сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл аумақтарда көлік инфрақұрылымы нысандары (жолдар, жол айрықтары), әлеуметтік нысандар (мектептер, балабақшалар, ауруханалар) және энергетика нысандары (кәріз-сорғы станциялары, қосалқы станциялар) салынбақ. Мақсат – мегаполисті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру.
"Мемлекеттік мұқтаждық үшін иеліктен шығарылатын жер мен жылжымайтын мүліктің құнын тәуелсіз бағалаушы олардың нарықтық бағасы көлемінде айқындайды. Бағалаушы бағалаудың дұрыстығы үшін жауап береді. Алып қойылатын мүліктің нарықтық құнын анықтау – тек бағалаушының айрықша құзыреті. 2026 жылға жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы, энергетика басқармасы және басқа да уәкілетті органдар сияқты бағдарлама әкімшілерінің өтінімдері бойынша мемлекеттік мұқтаждық үшін 1000-нан астам жер телімін сатып алу жоспарланған", – деп мәлімдеді Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы.
Меншік иелерін хабардар ету мәселесіне қатысты басқармада мыналар айтылды:
"Бұл рәсім ҚР "Мемлекеттік мүлік туралы" заңының 64-бабы 1-тармағымен реттеледі. Мемлекеттік мұқтаждық үшін жер телімін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама меншік иесіне пошта арқылы жіберіледі және пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабарлама міндетті түрде тіркеледі".
Басқармада атап өткендей, жер телімдері заңға сәйкес коммерциялық мақсатта емес, әлеуметтік нысандар салу үшін алынады.
"Жер телімдерін нысаналы пайдалану мәселесіне келсек, заңның 62-бабы 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік емес заңды тұлғалардың коммерциялық мақсаттарын көздейтін, мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандыруға бағытталған немесе мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру мақсаттарынан туындамайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздемейтін кез келген мүлікті алып қою мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қою деп танылмайды", – деп түсіндірді Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы.