2026 жылы Үкімет 11 мың шақырым жолды жаңғыртып, әуежайлардың өткізу қабілетін 40 млн жолаушыға дейін арттырады.
"Биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысын және 2,9 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстарын аяқтаймыз. Бұл транзиттік тасымал көлемін 60%-ға ұлғайтуға, ал транзиттік контейнерлік пойыздардың жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүктерді жеткізу уақыты осы жылдың соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады. 11 мың шақырым автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жұмыстары жүзеге асырылатын болады, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл ретте, транзиттік әлеуеттің серпінді дамуын тежейтін бірқатар факторлар белгіленген. Солардың бірі теміржол инфрақұрылымдарының тозуының жоғары деңгейі болып қалып отыр. Осыған байланысты магистральдық теміржол желісін жаңғырту жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыру Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Сондай-ақ авиация саласын, оның ішінде инфрақұрылымды қоса алғанда, дамытуға назар аударылды.
"Биыл Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысын бастаймыз. Оны іске қосу 20 жыл бойы жөндеу көрмеген бірінші жолақты жаңғырту жұмыстарына кірісуге мүмкіндік береді. Бұл Астана әуежайының өткізу қабілетін 4 есе арттырып, 40 млн жолаушыға дейін жеткізеді. Шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Өткізу қабілеті 14 млн жолаушыдан 19 млн-ға дейін артады. Ұшу-қону жолағын жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталады,- деп атап өтті Премьер-министр.
Сурет: primeminister.kz
Сонымен қатар, президент тапсырмасы бойынша авиаотынның нарықтық бағасын қалыптастыру үшін жағдайлар жасалды. Нәтижесінде авиациялық отынның бағасы $1,2 мыңнан шамамен $950-ге дейін төмендеді. Бұл шетелдік авиакомпаниялар үшін Қазақстанның әуе кеңістігінің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Бектенов 2026 жылы халықтың нақты табысын арттыру жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.