Қала басшысының айтуынша, қалың жауын-шашын (қар мен жаңбыр) және температураның кенет өзгерістеріне байланысты барлық коммуналдық және апаттық қызмет күшейтілген режимге көшірілді.
Сыздықбеков күндіз-түні көшелер, тротуарлар және қоғамдық орындар үздіксіз тазаланып жатқанын атап өтті. Қала көшелеріндегі зардаптарды жою үшін 462 бірлік арнайы техника және орталық магистральдарды санитарлық тазалау үшін шамамен 5000 жұмысшы жұмылдырылды.
Бұл ретте, ылғал қардың жабысып қалуы мен жаңбырдың әсерінен ағаштарға және абаттандыру элементтеріне түсетін жүктеме айтарлықтай артқан.
"Сондықтан Дендросаябаққа бару уақытша шектелді. Ағаштардың жағдайын бағалау және бұтақтардың құлау қаупін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң саябақ қайта ашылады".Ғабит Сыздықбеков
Сондай-ақ, әкім кейбір көшелерде ішінара су басуы сақталып тұрғанын, өзен арналары жанында су басу қаупі бар екенін айтты.
Мұнымен қоса, Жайлау, Көксай, Бозарық және Нұрсәт шағынаудандарында электр қуаты уақытша өшірілді.
Зардаптарды жою және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін 26 бірлік арнайы техника, 16 апаттық бригада және 120 қызметкер жұмылдырылды.
"Қауіпсіздік мақсатында саябақ пен гүлзарларға бармауды, ірі ағаштардың жанында тұрмауды және көліктерді жасыл желектер мен конструкциялар астына қоймауды сұраймыз".Ғабит Сыздықбеков
Қорытындылай келе әкім тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтауды, мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және көлікті қауіпсіз жерлерге орналастыруды алдын ала ұйымдастыруды ұсынды.
Бұған дейін Шымкентте 10 жасар баланың үстіне ағаш бұтағы құлап көз жұмғанын жазғанбыз.