Сонымен қатар көрмеде сахналық костюмдері де ұсынылды. Әсіресе, әлемдік поп-мәдениет жұлдызы Майкл Джексоннің жеке стилисті Гоко Залди Димашқа арнайы әзірлеген сахналық киімі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Көрменің ең әсерлі сәттерінің бірі – Димаш Құдайбергеннің музей қорына өзінің жеке екі бірдей домбырасын табыстауы болды. Оның бірі – Димаш Құдайбергенге атасы сыйға тартқан бала кезінен серік еткен домбырасы болса, екіншісі әншінің қолтаңбасы бар аспабы музей қорына сыйға тартылды. Өз кезегінде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы музей ұжымының атынан өнер иесіне қазақтың ұлы ойшылы әрі композиторы Абай Құнанбайұлының домбырасының дәл көшірмесін сыйға тартты. Бұл қадам – ұлттық құндылықтарға деген өзара құрметтің және рухани байланыстың көрінісі болды.
Димаш Құдайбергеннің әкесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер, Қанат Айтбаев көрменің мазмұндық ерекшелігі мен оның рухани-мәдени маңызына кеңінен тоқталды. Ол аталған көрменің тек жеке коллекцияны көпшілікке таныстыру ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнерді ұлықтап, әлем халықтарының музыкалық мұрасын бір кеңістікте тоғыстырған тағылымды бастама екенін атап өтті.
"Бұл аспаптар біз үшін өте ыстық. Себебі бұл – әлемнің әр түкпірінен жиналған, түрлі халықтың ұлттық мұрасын танытатын құнды дүниелер. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Осы аспаптарды тарту еткен барша азаматқа алғысымыз шексіз", – деді Димаш Құдайбергеннің анасы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, Светлана Айтбаева.
Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымындағы Қазақстанның ресми өкілі Нышанкүл Қаратаева, мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары және өнер иесінің жанкүйерлері қатысты.
"Димаш: бір дауыс – мың ел" көрмесі – өнердің ұлт пен шекара талғамайтынын айқындайтын, мәдениеттерді тоғыстырған ауқымды көрме. Көрме келушілерге әншінің шығармашылық әлемін тереңірек танып, ұлттық музыкалық аспаптардың бай мұрасын сезінуге мүмкіндік береді.
Көрме 1 ай көлемінде Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24а мекенжайында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде жалғасады.