Алматыда қыс ресми түрде аяқталды десе де болады. Биылғы ақпан соңғы 160 жылдық метеобақылау тарихындағы ең жылы айлардың біріне айналды. Оңтүстік астанаға "кең ауқымды жылу ағыны" қалай жетті және алматылықтарды алда қандай ауа райы тосынсыйлары күтіп тұр? Бұл сұрақтарға "Қазгидромет" РМК-ның Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалының жетекші инженер-синоптигі Дәулет Кісебаев жауап берді.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 19 ақпанда сағат 14:00-де (Астана уақытымен) Алматыдағы метеостанцияда ауа температурасы +22,8°С болып тіркелген. Осылайша, ақпан айының бұрынғы жылдардағы абсолюттік рекорды жаңартылды. Дегенмен күн қорытындысы шығарылғаннан кейін ғана нақты абсолюттік көрсеткіш анықталады.
Алматыда метеобақылау 1859 жылдан бері жүргізіледі. Бұған дейінгі ең жоғары ақпан температурасы 1979 жылдың 17 ақпанында тіркелген еді. Биыл сол көрсеткіштен де асып түсті.
Ақпан – қыстың соңғы айы болғандықтан, бұл кезеңде жиі жылымық болып, қар қарқынды ери бастайды. Ауада көктемнің лебі сезіледі. Ұзақ мерзімді болжам бойынша, Алматы облысында ақпан айының орташа температурасы климаттық нормадан 1°С-қа жоғары болады деп күтілген. Тұрақты жылыну айдың үшінші онкүндігінде басталады деген болжам жасалған. Іс жүзінде жылу 16 ақпаннан бастап күшейіп, сол күні ең жоғары температура +14,5°С-қа жеткен. Ал 19 ақпанда термометр бағаны +22,8°С-ты көрсетті.
Синоптиктер мұндай жағдайды "кең ауқымды жылу ағыны" деп атайды. Бұл – Орталық Азия мен Қазақстанның оңтүстігіне оңтүстік-батыс және оңтүстік бағыттағы желдер арқылы жылы ауа массаларының келуі. Жылы ауа бүкіл тропосфераға кеңінен таралып, қыста және өтпелі маусымдарда ең қарқынды жылымықтарға себеп болады. Мұндай кезеңде көбіне ашық, бұлтсыз ауа райы сақталады, тек бастапқыда таулы аймақтарда аздаған бұлттылық байқалуы мүмкін. Әдетте тәулігіне ең жоғары температура 2–3°С-қа өсіп отырады. Желтоқсаннан маусымға дейінгі аралықта мұндай жылы ауа ағыны орта есеппен 1,5–2,7 тәулікке созылады (ең ұзақ кезең – қаңтарда).
Температураның күрт көтерілуі табиғатқа да әсер етті. Алматы маңында бәйшешек – Алатау шафраны гүлдей бастады.
Маманның айтуынша, мұндай маусымаралық температуралық рекордтар мен күрт ауытқулар жаһандық климат өзгерісімен тығыз байланысты.
"Жыл сайын ауа температурасы артып келеді. Республика бойынша орташа жылдық температураның өсу үрдісі әр 10 жыл сайын шамамен 0,3 градусқа жоғарылап отыр", – дейді Дәулет Кісебаев.
"Қазгидромет" ұсынған климат мониторингі жөніндегі жыл сайынғы бюллетеньге сәйкес, температураның статистикалық тұрғыдан айқын өсуі әсіресе көктем мезгілінде байқалады.
Синоптик Алматыда көктем жылы болатынын айтқанымен, қауіпті метеоқұбылыстардың жиілеу ықтималдығы артатынын да ескертті. Мысалы, көктемгі үсіктер, мамыр айындағы қар – алматылықтар үшін үйреншікті құбылысқа айналып барады. Мамырда ауа температурасы +20°С-қа дейін көтерілгенімен, Сібір немесе Қиыр Шығыс антициклонының әсерінен суық толқын келіп, температура бірден 20 градусқа төмендеуі мүмкін.
Сондықтан орташа температура өсе бергенімен, ауа райының күрт өзгеруі жиілей түседі. Көктемде бұл – үсік, тұман, желдің күшеюі, ал рекордтық жылулар көбейген сайын найзағай, бұршақ, нөсер жаңбыр сияқты құбылыстар да жиі байқалуы ықтимал.
Алдағы күндері ауа райы қандай болады?
Гидрометорталықтың мәліметінше, Алматыда жақын күндері мынадай ауа райы күтіледі:
20 ақпан: Көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Жел батыстан шығысқа ауысады, 3–8 м/с. Ауа температурасы түнде +4…+6°С, күндіз +12…+14°С.
21 ақпан: Көшпелі бұлтты, таңертең және күндіз жаңбыр жауады. Жел оңтүстік-шығыстан 3–8 м/с, күндіз екпіні 12 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде +3…+5°С, күндіз +7…+9°С.
22 ақпан: Көшпелі бұлтты, түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар). Түнде және таңертең тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан 3–8 м/с, күндіз екпіні 11 м/с. Ауа температурасы түнде 0…+2°С, күндіз +8…+10°С.