Алматыда ауа райы күрт өзгеріп, қайтадан қыс орнады

Сурет: Zakon.kz
Алматыдағы көктемгі көңіл күй көпке созылмады. Жексенбі күні ауа температурасы 11 градус жылы болса, дүйсенбі кешке қарай жаңбыр қарға ұласып, аяз күшейді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматыда мұндай температуралық "құбылмалылық" әрдайым қоғамда қызу талқылау туғызып, жолдарда қиындықтар әкеледі. +15 градусқа дейін жылынған қалада бір тәуліктің ішінде қайта қыс орнады. Алматыда ауа температурасы күрт төмендеп, ұзаққа созылған жауын-шашын басталды.

2026 жылғы 22 ақпан, жексенбі күні Алматыда сәуір айына тән жылы ауа райы байқалды. Күн +9…+11 градусқа дейін жылып, тұрғындар бас киімсіз, қалың күртешесіз серуендеді, қалада көктем лебі сезілді. Алайда дүйсенбі күні таңертең ахуал күрт өзгерді.

23 ақпан күні таңертеңнен бастап сіркіреп жаңбыр жауып, кешке қарай ол толассыз жауын-шашынға ұласты. Қаланың кей аудандарында қар ірі үлпекпен жауып, түні бойы тоқтаусыз жалғасты.

24 ақпан, сейсенбі күні Алматыда қысқы ауа райы толық орнады: ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеп, күні бойы қар кейде күшейіп, кейде саябырсыды. Жолдарда көктайғақ болып, кей жерлерде тұман түсті.

Синоптиктердің айтуынша, күрт суыту синоптикалық жағдайдың ауысуымен байланысты. "Қазгидромет" РМК-ның Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша филиалының жетекші инженер-синоптигі Дәулет Кісебаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта Алматы облысы аумағы арқылы бірнеше атмосфералық фронтальды жүйе өтіп жатыр, соның салдарынан қалада тұрақсыз, ылғалды ауа райы сақталып отыр.

"Аспанды қалың бұлт торлаған, ара-тұра жауын-шашын, негізінен қар түрінде түседі. Кей кездері тұман мен көктайғақ байқалады. Алдағы күндері жағдай айтарлықтай өзгере қоймайды. Синоптикалық ахуал тұрақсыз болып қала береді. Жауын-шашын мол мөлшерде түседі, сондай-ақ тұман мен көктайғақ күтіледі. Түнде ауа температурасы -7 градусқа дейін төмендеп, күндіз -3 пен +4 градус аралығында болады", – деді маман.

Мамандар тұрғындарға ауа райын ескеріп, сақтық шараларын ұстануға кеңес берді.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

15 ақпанда Алматының бірқатар көшесінде қозғалыс уақытша шектеледі

13 ақпанда қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасалды

Алматыда ер адам оқушы қызға пышақ ала жүгірген

Жаңа Конституция: адами капиталды дамыту – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалды

Мемлекет басшысы республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды