Әкімнің айтуынша, ол Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярмен бірге LRT депосының ғимаратына барып, жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру аясында құрылып жатқан Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмыс дайындығымен танысқан.
Орталық көлік жүйесін басқару мен қаладағы жол-көше желісіндегі процестерді үйлестірудің негізгі элементіне айналады. Оның функционалына LRT құрамдарының қозғалысын басқару, интеллектуалды көлік жүйесінің бағдаршам нысандарын үйлестіру, қоғамдық көлікті диспетчерлік сүйемелдеу, велосипедті жалға беру жүйесін диспетчерлеу, сондай-ақ көлік деректерін өңдеу және сараптамалық талдау кіреді.
Сол сияқты аралау барысында "Әуежай", "Бәйтерек", "Министрліктер үйі", "Музей" станцияларының жай-күйін қарадық. Сынақтық пайдалану бекітілген сынақ бағдарламасына сәйкес бүкіл желі бойынша жүріп жатыр. Сынақтар инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелерін тексеруді, сондай-ақ персоналды даярлауды және апаттық рәсімдерді пысықтауды қамтиды. Құрамдар Орталық Азияның климатына бейімделген, төмен температура мен мұздануға төзімді.
LRT құрамдары пилотсыз режимде қатынайды. Сынақтық пайдалануды аяқтау және жолаушылар қозғалысын бастау күні барлық іс-шара кешені толық орындалып, жүйенің белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін анықталатын болады. LRT жұмысының басталуы жақын айларда (көктемде) күтіледі.Бұған дейін Жеңіс Қасымбек елорда тұрғындарына жерүсті метро желісін кеңейту жоспары туралы да мәлімдеген болатын.