Іс-шара барысында редакция қызметкерлері марапатталып, газет тарихы мен қазақ журналистикасы және Қазақстанның қоғамдық ойының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар кеңінен сөз болды.
"Soltüstık Qazaqstan" газеті Солтүстік Қазақстан облысының рухани және ақпараттық өмірінің ажырамас бөлігіне әлдеқашан айналған. Бір ғасырдан астам уақыт бойы өңір тұрғындары маңызды жаңалықтарды, ел өміріндегі өзгерістер мен жетістіктерді осы басылым арқылы біліп келеді. Газет шежіресі өңір тарихымен, ел тағдырымен және Мағжан Жұмабаев есімімен тығыз астасып жатыр. Оның жүріп өткен жолы – отандық журналистиканың, ұлттық баспасөздің және тұтас дәуірдің қалыптасу жолының көрінісі.
Сурет: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі
Мерейтойлық жиынның маңызын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуы одан әрі айшықтай түсті. Ол Мемлекет басшысының атынан өңірдегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге "Құрмет" ордендері мен "Ерен еңбегі үшін" медальдарын табыстады. Жалпы іс-шара барысында 13 адам марапатталды.
"Ғасырдан асқан тарихы бар басылым өңір руханиятының қара шаңырағы болып саналады. Алаш арыстарының қолтаңбасы бар газет осы уақыт ішінде аймақтың тыныс-тіршілігінен хабар таратып, беделді БАҚ-қа айналды. Жұртшылықты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттық баспасөздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазір де газет ұжымы сара жолын жалғастырып, қоғамның береке-бірлігін нығайтуға белсенді атсалысып келеді. "Soltüstık Qazaqstan" редакциясында шыңдалған журналистер еліміздің ақпарат саласының дамуына зор үлес қосып жүр", – деді Президент кеңесшісі.
Сурет: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі
Мерейтой иелерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те құттықтады. Аймақ басшысы "Soltüstık Qazaqstan" газетінің тарихи миссиясына, қоғамдық өмірдегі орнына және ұлттық сөз өнерін сақтаудағы айрықша рөліне ерекше тоқталды. Басылымға деген жанашырлық бүгінде тек жылы лебізбен ғана емес, нақты қолдаумен де көрініс тауып отыр. Биыл редакция орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмек, ал ұжымға жаңа автокөліктің кілті табысталды.
Сурет: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі
"Тамыры тереңге тартқан, халықтың сөзін сөйлеп, ел өмірінің тынысын танытып келе жатқан газет – өңір тарихының шынайы айнасы. Газеттің сарғайған беттерінде қазақтың біртуар тұлғалары – Мағжан Жұмабаев, Смағұл Садуақасов, Қошке Кемеңгерұлы, Әбдірахман Айсарин, Сәбит Мұқанов сынды ұлы қайраткерлердің қолтаңбасы қалған. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде басылым бетінде еңбек еткен қаламгерлер халыққа рухани азық болып, өмірге бағыт-бағдар беретін мазмұнды дүниелер жариялап, қоғам дамуына зор үлес қосты. Бұл игі дәстүрді бүгінгі буын журналистері де абыроймен жалғастырып келеді. Бүгінде газет заман талабына сай жаңарып, ақпараттық кеңістікте өз орнын нық сақтап, өңір тынысын шынайы жеткізіп отыр", – деді СҚО әкімі.
"Құрмет" орденімен марапатталғандардың қатарында Зарап Құсайынов пен Нұргүл Оқашева бар. Ал газет жауапты хатшысы Жадыра Қанафинаға "Ерен еңбегі үшін" медалі табысталды. Ол осы салаға 20 жылға жуық уақытын арнап, журналистикада үлкен кәсіби жолдан өтті.
"Soltüstık Qazaqstan" газетінде 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Алғашқы уақытта "Қызылжар нұры" газетінде істедім. "Soltüstık Qazaqstan" газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, ал бүгінде жауапты хатшы болып қызмет атқарамын", – деді "Soltüstık Qazaqstan" газетінің жауапты хатшысы Жадыра Қанафина.
Сурет: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі
Конференция барысында зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, шақырылған спикерлер баяндама жасады. Солардың бірі – қоғам қайраткері, жазушы Жарасбай Сүлейменов. Ол Мағжан Жұмабаев, басылымның бастау-бұлағы және ұлттық баспасөз тарихындағы айрықша орны туралы ой бөлісті.
"Негізін Мағжан қалаған, қазығын Смағұл Сәдуақасов сияқты Алаштың арыстары қаққан басылым. Өзінің ғасырдан астам ғұмырында өзінің еліне, жеріне, халқына адал қызмет етіп, өзінің борышын атқарып келе жатыр". Әлі де талай асуды бағындыратынына сенім мол", – деді Жарасбай Сүлейменов.
Бүгінде "Soltüstık Qazaqstan" газетінде 30-ға жуық адам еңбек етеді. Басылымның таралымы 9 мың данаға жуықтаған, газет аптасына екі рет жарық көреді. Алайда осы сандардың ар жағында әлдеқайда терең мағына жатыр – ол ұрпақтар сабақтастығы, мамандыққа адалдық және оқырман алдындағы зор жауапкершілік. 105 жылдық белесті бағындырған "Soltüstık Qazaqstan" бүгінде жай ғана газет емес, Солтүстік Қазақстанның ұлттық сөзі мен рухани тірегінің, сабақтастықтың айқын символы болып отыр.