Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары құқыққа қайшы жағдайдың алдын алу барысында бірнеше азамат агрессивті әрекет танытып, оларға күш қолданған. Соның салдарынан екі полицей зардап шеккен.
"3 сәуір күні шамамен сағат 22:00-де Мақат ауданында қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың жолын кесті. Тергеу барысында бір топ азамат агрессия танытып, полиция қызметкерлеріне күш қолданғаны анықталды. Салдарынан екі қызметкер зардап шекті", – деп хабарлады өңірлік ПД баспасөз қызметі.
Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталды. Оларға қатысты процессуалдық шаралар қабылданды. Іс "Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш қолдану" бабы бойынша тергеліп жатыр.
Полиция өкілдері құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасау заңды өрескел бұзу екенін және ол үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
"Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты кез келген заңсыз әрекет – бұл заңды өрескел бұзу және ол үшін заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеледі. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", – деп толықтырды ведомство.