Осыған байланысты депутаттар халықтың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, заңнамаға өзгерістер енгізуді қолға алды. Жаңа құжат азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және қаңғыбас жануарлар мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған, деп жазады qazaqstan.tv.
Мамандардың айтуынша, қолданыстағы заң өз тиімділігін толық көрсете алмады. Себебі ұсталған бұралқы иттер белгілі бір уақыттан кейін қайтадан еркіндікке жіберіледі. Ал бұл жағдай олардың адамдарға қайта шабуыл жасауына әкеліп отыр.
Иесіз жануарларды аулап, панажайларда уақытша ұстауға мемлекет қомақты қаржы бөлуде. Мәселен, 2022 жылы бұл мақсатқа 1,2 млрд теңге, ал 2025 жылы 3 млрд теңге қарастырылған. Алайда қолданыстағы заңға сәйкес, бұралқы иттердің көзін жоюға тыйым салынған.
Шығыс Қазақстан облысында ғана соңғы үш айда 130 адамды ит қапқан. Қазір өңірде бұралқы жануарларды уақытша ұстайтын 11 панажай жұмыс істейді. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде жергілікті әкімдіктердің құзырына берілген.
Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Сәуле Дәулетқызының айтуынша, бұған дейін бұл қызмет жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылған.
"Наурыз айына дейін келісімшарт негізінде жұмыс істелді. Осы уақыт аралығында 250 ит ауланды. Ал 1 наурыздан бастап бұл жұмыспен тікелей жергілікті әкімдіктер айналысып жатыр", – деді ол.