Ардагерге Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері және Медеу ауданындағы "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері жылы лебіздерін білдірді.
Олар Василий Долбняға ерлігі, табандылығы және Отанға деген адалдығы үшін шынайы алғыс айтып, Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын табыс етті. Сонымен қатар естелік сыйлықтар беріп, оған мықты денсаулық, жан тыныштығы және жақындарының қамқорлығын тіледі.
"Ең бастысы – бейбітшілік пен бірлік. Біз сол үшін қызмет еттік. Жастардың тарихты ұмытпай, оны бағалайтынына қуаныштымын", – деді ардагер.
Василий Иванович 1927 жылғы 2 сәуірде Алматы облысының Қоғалы ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылды. Әскери дайындықтан Башқұртстанда өтіп, кейін Қиыр Шығысқа жіберілген. Онда ол Қытай мен Маньчжурия аумағында милитаристік Жапонияға қарсы ұрыстарға қатысқан.
Оның ерлігі мен батылдығы "Отан соғысы" орденімен, "1941–1945 жылдардағы соғыс ардагері" төсбелгісімен және басқа да марапаттармен бағаланған.
Соғыстан кейін Василий Иванович 207-ші жеке барлау ротасының құрамында барлау қызметін жалғастырған. 1951 жылы әскерден босатылып, туған еліне оралған.
Жұбайы Нина Долгихпен олар 67 жыл бірге өмір сүріп, үш бала тәрбиелеген. Бүгінде ардагерді төрт немересі мен отбасы ерекше құрметтеп, қамқорлық көрсетіп отыр.
Әскери қызметшілер ардагерлердің ерлігін есте сақтау және олардың аманатын жас ұрпаққа жеткізу Қарулы Күштердің тәрбиелік жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.